Әлемдегі ең үлкен әскери және саяси одақ саналатын Солтүстік атлантикалық конвенция ұйымының (НАТО) құрылғанына 70 жыл толды. Ұйым қырғи-қабақ соғыс жылдарында 1949 жылы негізделген. Басты мақсаты сол кездегі ірі державалардың бірі Кеңес одағынан Еуропа елдерінің қауіпсіздігін сақтау. Кейін келе ұйымның ықпалы кеңейіп, оңтүстік шекарасы Таяу-Шығыс іргесіне дейін тірелді.
Дегенмен, ұйымның құрылғанына 70 жыл толған тұста қауіпсіздік мәселесі бойынша мүшелердің түсінігінде түрлі өзгерістер пайда болды және ұйым мүшелері арасында келіспеушіліктерге тап болды. Құрамында 29 мемлекет кіретін НАТО әлемдегі ең нәтижелі әскери одақ деп саналғанымен, күн өткен сайын ұйымның болашағы бұлдырай түсті.
НАТО шын мәнісінде Кеңес одағының әскери қаупіне қарсы тұру үшін Еуропадағы он мемлекет және АҚШ пен Канада арасында құрылған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен Кеңес одағы өзінің Шығыс Еуропадағы ықпалын мықтап орнықтыра бастады. Еуропаның шығысында Кеңес одағының мыңдаған қарулы күштері орналасты. Болашағынан қауіптенген Батыс Еуропа елдері және Америка Құрама Штаттары күшті қауіпке қарсы ортақ альянс құруды көздеген.
Ұйым құрыла салысымен қысқа уақытта кеңейе түсті. 1952 жылы НАТО-ға Грекия мен Түркия мүше болса, 3 жылдан кейін Батыс Германияда НАТО қатарына қосылды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1999 жылы Шығыс Еуропалық елдер дерліктей аталған ұйымның құрамына қосылды. 2017 жылы ұйым құрамында 29 мемлекет болды.
НАТО-ның қазіргі мәні
Ұйым өзінің басты міндеті туралы көрсеткенде «бостандықты, ортақ құндылықтарды және мәдениетті қорғау» деп көрсетеді. Сондай-ақ, Солтүстік Атлантика өңірінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауды мақсат етеді. Ең маңыздысы ұйымға мүше қандай да бір елдің қауіпсіздігіне қатер төнсе ұйымның өзге мүшелері ортақ қорғауға алады. Былайша айтқанда, Еуропа елдеріне агрессиялық шабуыл жасалса, бұл Солтүстік Америка елдері үшін де агрессия қатарында бағаланады.
Қазіргі таңда НАТО-ға қауіп төндіретін Кеңес одағы жоқ. Керісінше, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Батыс Еуропаны алаңдатқан Шығыс Еуропалық елдер ұйымға мүше болып кірді. Оның үстіне НАТО шекарасы Мәскеуге мың шақырымға дейін жақындады. Қырғи-қабақ соғысы аяқталып, Кеңес одағы келмеске кеткенімен НАТО әлі де Мәскеуден қауіптенеді. Бұл турасында 2003 жылы ұйым өкілі Жейси Шеа: «Коммунизм жоғалып кетсе болды мәселенің бәрі шешіледі дегенге ешкім сенген емес», – деген болатын.
Югославияның ыдырауы НАТО саясатының өзгеруіне ықпал етті. Бұл оқиға Еуропаны қайтадан соғысқа алып кірді. Ол тұста Ресей армиясы Кеңес кезіндегідей қуатқа ие болмаса да ықпалын жоғалтпаған. Осыдан бастап НАТО өзінің саясатын өзгертіп қайшылықты мәселелерге араласа бастады. Югославия ыдыраған тұста НАТО Босния мен Косовода серб күштеріне қарсы әуе шабуылдарын жасап, қауіпсіздік күштерін жөнелткен болатын.
Ал, 2001 жылдан бастап НАТО өз шекарасынан тысқары жерде де әскери әрекеттерге бара бастады. Сол кезде БҰҰ-ның рұқсатымен Ауғанстанға қауіпсіздік күштерін аттандырған болатын. Қазір де ауған жерінде 17 мыңнан астам НАТО сарбазы бар. Олар Ауғанстанның үкімет армиясын жаттықтырып, кеңестер беріп келеді.
Ұйым ішінен жік шықты ма?
АҚШ мәселесі
АҚШ тағына Дональд Трамп келгелі бері 70 жасқа толған қарт ұйымға деген сын-пікірін тоқтатқан емес. Трамп президентке үміткер кезінің өзінде НАТО-ны «тізесі шыққан ұйым» ретінде атап өткен болатын. Тіпті ол НАТО ыдырап кетсе де ештеңе болмайтынын айтқан. Бұған қоса бірнеше рет НАТО-дан шығып кету немесе міндеттерін атқармай қою жөнінде де сөз қылған.
Трамп НАТО-ға бөлінетін қаржы туралы көбірек сынайды. Ол ұйым үшін басқа елдерге қарағанда АҚШ-тың көбірек қаржы бөлетініне наразы болып келеді. Айтса айтқандай, тұтас НАТО қаражатының 70 пайызын Америка Құрама Штаттары өз мойнына алып келген. 2014 жылы НАТО-ға мүше елдер 2024 жылға дейін ұйымға бөлінетін қаражатты ел ЖІӨ-нің 2 пайызына дейін жеткізуге келісім берген болатын. Алайда, бұл уәдесін орындағандар тым аз.
Түркия мәселесі
Түркия НАТО-ға мүше болғанына 67 жыл болса да, қазір ұйымның бас ауруына айналды деген пікір бар. Қазан айында Түркия Сүрияның солтүстік-шығыс аймағына әскери операция бастады. Осыған байланысты НАТО мүшелері арасында пікір алауыздығы қалыптасты. Еуропа Одағы Түркияның әрекетіне наразы болып, қару-жарақ сатуды тоқтатты. Оның қатарында Франция, Британия, Испания елдері де бар. Бұл елдері Түркияға ең көп қару-жарақ сатушы елдер саналатын.
Сүрия соғысының басталуы Түркияға көп әсер еткені белгілі. Сүрия мәселесінен кейін Түркия НАТО-ның басты қарсыласы Мәскеумен байланысын күшейтті. Шынын айту керек, бұған итермелеген НАТО-ның өзі. Себебі, Сүрияда түрлі қарулы топтар Түркияның кеңістігінен қатер төндіргенде НАТО дер кезінде өз одақтастарына қолдау көрсеткен жоқ. Керісінше Орталық Еуропа кеңістігін қорғауды маңызды санады. Осыдан кейін Анкара Мәскеуден зымыран қорғаныс жүйелерін сатып алуға шешім қабылдады. Бұл Уашингтонның шабына от тастады. Осы мәселеге байланысты бірқатар қайшылықтар туылды және сол қайшылықтар Анкара мен Уашингтонның қарым-қатынасын салқындатып жіберді.
Сүйте тұра Түркия НАТО үшін аса маңызды одақтас саналады. Себебі, Түркия қазіргі кезде НАТО елдерінің ең қауіпті шекарасын қорғап тұр. Саяси тұрақсыздық жайлаған Орта Шығысқа шектесетін Түркия НАТО мүшелерінің көп уайымын жеңілдетіп тұрғаны шын.
Франция неге «бұзылды»?
Соңғы уақытта Францияның жас президенті Макрон НАТО ұйымы туралы көбірек сын айтып келеді. Ол бір сұхбатында НАТО-ны «миы істемей қалған ұйым» деп те атады. Оған қоса АҚШ-ты ұйымдағы міндетін атқармай отыр деп жазғырды. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың НАТО-мен ақылдаспай тұрып, Сүрия жерінен әскерін шығарып кетуі ұйымның мүддесіне сай емес деп санайды. Ал, Түркияның әрекеті НАТО-ға қауіп төндіретін шапқыншылық әрекет деп санаған. Франция лидері сондай-ақ, Еуропа елдерінің дербес әскери ынтымақтастығын дамыту туралы идея көтеріп келеді. Ол Еуропа елдері АҚШ пен Түркиядан бөлек өзінің әскери әрекеттерін ортақтастыруы керек деген пікірде.
НАТО болашағы
АҚШ президенті Дональд Трамптың сын-пікірлеріне қарамастан АҚШ Конгресі қаңтарда НАТО-дан шығуға қарсы заң қабылдап тастады. Бұл заң жобасын Трамппен бір партиядағы лауазымдылар да қолдаған.
Ал, Мәскеу НАТО ұйымын агрессор ретінде атап келеді. Кезекті бір сөзінде Ресей президенті Путин: «СССР ыдырап кетсе де НАТО өз шекарасын Ресейге қарай жақындатып келеді және зымырандарын бізге жақын Шығыс Еуропаға орналастырып отыр», – деген болатын. Көптеген сарапшылар НАТО-ның болашағы Ресейдің геосаясатына тікелей тәуелді деп санайды. Егер Ресей тарабынан агрессиялық пиғыл жалғасса НАТО-ның да міндеті жалғаса беруі мүмкін. Бұл аңдысу қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз.