Қазақстанда бензин құны неге артады? Осы сауалға Үкімет басшысының бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов жауап беруге тырысты.
Таяуда Ұлттық экономика министрлігі бензиннің бір литрінің акцизі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 теңгеге көтерілетінін хабарлаған болатын. Қазақстанда АИ-91 бағасы бір литріне 163 теңге екенін еске салған министр Ресейде бұл теңгелік мәнде алғанда литріне 260 теңгеден асатынын айтты. «Тиісінше, біздегі мұнай өнімдері жаппай Ресейге әкетіліп жатыр. Сол себепті біз бензинді автокөлікпен шығаруды шектеуге мәжбүр болдық», – дейді Смайылов.
Осы мәселе жөнінде өткен арнайы жиында Ә.Смайылов: «Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі деп күтілуде. Бұл шамамен 6%. Инфляцияға елеулі әсер етпеуі тиіс, дегенмен бағаның өсуі үнемі күн тәртібінде. Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін барлық шараны қабылдау қажет. Біріншіден, келесі жылы әлеуметтік саланың шығындары артады. Бұдан бөлек, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғалы жатыр. Оған сәйкес, алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Мұның бәрі қосымша ақшаны қажет етеді. Сол себепті қосымша табыс көздерінің бірі осы акциз болып отыр, бірақ бұл басты кіріс көзі емес. Бастысы – кедендік-салықтық әкімшілендіруді жақсарту. Акциздерді көтеру келесі жылы кірісті ұлғайту факторларының бірі. Ол қосымша 50 миллиард теңгеден аса қаржы жинауға мүмкіндік береді», – деді.