Тұрақты даму бойынша өткен халықаралық форум сарапшыларының болжамынша, 2060 жылға дейін шикізатты тұтынудың әлемдік мөлшері екі есеге артпақ.
Форумда әлемнің жетекші сарапшылары түрлі елдердің индустриясының экологиялық болашаққа өту жолдарын талқылады. Аталған жиынға Қазақстан атынан немістің федералдық ГИЗ компаниясы қолдаған делегация қатысып, елімізде және одан тыс жерде өндіріс орындары бар халықаралық өнеркәсіптік топтардың жұмыс істеу шарттары мен міндеттемелерін салыстырған.
Осы тақырып аясында сөз сөйлеген ҚР Экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов: «Экологиялық кодекске қатысты дау көп болды. Алайда ол қазір дайындалып жатыр. Құжат ірі кәсіпорындардың жұмысын реттеуге бағытталған және ол мекемелерді ең үздік қолжетімді технологияларды ендіруге ынталандырады. Сөйтіп, бұл кодексті жаңғырту құралы десек те болады. Ол Еуропа елдерінде кеңінен қолданылып келеді», — деп атап өтті.
Қазақстан Париж климаттық келісім бойынша міндеттемелерді мойнына алғандықтан, төмен көміртектік өндіріске көшу маңызды мәселе қатарында. Сарапшылардың пікірінше, «жасыл» өндіріске өту жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа түйткілдер де тудырады.