АҚШ-тың 12 штаты халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау туралы Жарлыққа қол қойғаны үшін президент Джо Байден мен оның әкімшілігін сотқа бермек. Fox News мәліметінше, талапкерлер федералды реттеушілердің өкілеттіктерін кеңейту айтарлықтай экономикалық зиян келтіруі мүмкін деп санайды.
Миссури штатының Бас прокуроры Эрик Шмитт ұсынған хатқа Арканзас, Аризона, Индиана, Канзас, Монтана, Небраска, Огайо, Оклахома, Оңтүстік Каролина, Теннесси және Юта Штаттарындағы әріптестері қол қойған. Тараптардың сотқа шағымдануына климаттық келісімге байланысты шешім себеп болған.
Байден қызметіне кіріскен Париж климаттық келісіміне қайта оралу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал бұрынғы президент Дональд Трамп 2017 жылы Париж келісімін «АҚШ экономикасы үшін қолайсыз келісім болды» деп атап, өз елін бұл келісімнен шығаратынын мәлімдеген. АҚШ ресми түрде бұл келісімнен 2020 жылы қараша айында шықты. Оның қайта қосылуы үшін бір ай уақыт керек болады.
Сенатор-республикашыл Тед Круз Байденнің Париж келісіміне оралу бастамасын сынап, «бұл шешім Американы әлемде көшбасшы етпейді, климат мәселесін де шешпейді, соның салдарынан мыңдаған америкалық жұмысынан айырылады» деп мәлімдеді. Ал сенатор-республикашыл Кевин Крамер Байден шешімін «ақылға қонымды қадам» деп атап, тек жаңа әкімшілік Американың ұлттық мүддесін ұмытпай, америкалық салық төлеушілердің ақшасының ысырап болуына жол бермеуі тиіс деді.