Қазақ ақпарат айдынында еселі еңбек етіп келе жатқан «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті 13 жылдығын атап өтуде. Осы мерекелі датаға орай Алматыдағы Оқушылар сарайында басылымның жүлдесі үшін шахматтан турнир өтті. Оған журналистер мен болгерлер қатысты.
Жарыста Алматы ғана емес, өзге де облыстардан қалам ұстаған тілші қауым бақ сынады. «Aikyn media open» аталған ой мен ойын бәсекесінде отыздан астам сайыскер өнер көрсетті. «Бұл жай ойын емес, ойын арқылы ойды қозғау, қалам ұстап, сөз қаузап отырған азаматтардың ойын ұштау» деді «Айқын» газетінің директор - бас редакторы Нұртөре Жүсіп. Сондай-ақ, ол қатысушылар мен қонақтарға алғысын білдірді.
Швейцар жүйесі бойынша өткен ойында бас жүлдені «Ұйғыр авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің қызметкері Арслан Алауханов алып, оған «Air Astana» компаниясының Тегеранға бизнесс-класқа екі билет табысталды.
Екінші орын блогер, шахматтан І – рарзряд иегері Қуаныш Сүлейменге бұйырды. Ол «Кернеу Limited» атынан планшет алды. Үшінші орын иегері үшеу болғанымен, коэффициент бойынша Құмар Бақдәулет барлығынан басым түсіп, планшетке қол жеткізді. Ал, журналистер Асхат Байпейсов пен Нұрбек Түсіпхан қола жүлдегерлер ретінде бағалы сыйлқтармен марапатталды. Сонымен бірге, тартысты ойынға Тәжібай Жанаев, Ағыбай Мұқатайұлы секілді ардагерлер де атсалысты.
“The Qazaq Times”