Венесуэла президенті Николас Мадуро «Колумбия мен АҚШ тарапынан жасалып жатқан арандатушылық әрекеттерге байланысты» елде соғыс режимін енгізді.

Мадуроның айтуынша, Америка мен Колумбия шеруге шыққандардың назарын өзге бағытқа бұру үшін әдейі әскери қақтығыс ұйымдастырмақ. Сол себепті Венесуэла әскері мобилизацияланды. Ал АҚШ пен Колумбия Мадруроның бұл мәлімдемесін «үрейден туған ой» дейді. Елде басқарушы билік пен оппозиция арасында қақтығыстар өршіп тұрғанда, президенттің соғыс режимін енгізуі тіпен халықтың ашуына тиіп отыр.

23 қаңтарда Жоғарғы Сот жойылғаннан кейін Венесуэладағы жағдай шиеленісіп кетті. Сол уақытта Ұлттық ассамблея бақылауындағы оппозицияны басқарған Хуан Гуайдо өзін үкімет басшысы ретінде жариялаған. Оған АҚШ-пен қоса алғанда 50-ден астам мемлекет қолдау көрсетті. Еуропалық одақ Гуайдоны елдің легитимді басшысы ретінде таныды. Ал Қытай мен Ресей билігі қазіргі президент Николас Мадуро үкіметіне сенім білдіріп, АҚШ және Еуропа елдерінің Венесуэла оппозициясына қолдау білдіруін «халықаралық құқықбұзушылық» деп атаған.

Кейіннен Венесэула ассамблеясы Гуайдоны құқықтық иммунитетінен айыру туралы үкім шығарып, белсенді 15 жылға биліктен аластатылды. Аталған жағдайдан кейін Гуайдо жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбатында «билік қысым көрсетіп, арнайы ұйымдасқан топ қастандық жасамақ» деген. Кейіннен Хуан Гуайдо бастаған оппозициялық топ БҰҰ-дан гуманитарлық көмек сұрап, Норвегиямен арнайы келісімге келетінін хабарлаған болатын. Гуайдоның айтуынша, оның Норвегиямен күш біріктіруі президент пен елдегі билік құрылымдарының ауысуына әкеледі. Егер жоспар тиісінше орындалмаса, Каракаста кезекті мәрте наразылық акциялары орын алуы мүмкін.

"The Qazaq Times"