2011 жылдан бері соғыс өрті жалмаған Сүрия біршама мол мұнай қорына ие елдің бірі. Қазір елде бір орталыққа бағынған кемелді басқару жүйесі болмағандықтан байлығы мен билігі қатар талан-таражыға түсіп жатқаны белгілі. Дамаск билігі елдің толық территориясын өз қарамағына ала алған жоқ. Елде, Еуропа елдерінің, АҚШ-тың, Ресейдің, Иран және Түркияның қолдауындағы топтар немесе осы елдерге тән күштер түрлі мүдделер арасындағы таласты ойынды ойнап келеді. Мұнайлы елдің мұнай табысы қазіргідей аласапыран кезде кімдердің қарамағында және Сүрия мұнайынан кімдер табыс тауып отыр?
Сүрияның мұнай байлығы
Сүрияда 2,5 млрд баррель көлеміндегі мұнай қоры бар екені анықталған. Әрине, Орта Шығыстағы Сауд Арабия, Иран, Ирак елдерімен салыстырғанда ештеңе емес, бірақ, жалпы әлемнің мұнайға деген тәуелділігіне орай соның өзі ен байлық. Сүрияның бұрынғы және қазіргі экономикасы да мұнай мен газ саласына тәуелді. Бірақ, 2011 жылға дейін 400 мың баррельден астам мұнай өндіріп тұрған ел, соғыс жылдарында өндірісінің 90 пайызын жоғалтып, соңғы жылдары тек 24 мың баррель мұнай ғана шығара алды.
Державалардың Сүрия мұнайына таласы
Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерлер Сүрияның мұнай нысандарын қорғап тұрғандықтан, бұл ел ай сайын миллиондаған доллар пайда тапқанын айтқан болатын. Бірақ, Башар Асад АҚШ-ты Сүрияның мұнай табысын ұрлаушы ел ретінде көрсетті. Өз кезегінде Ресей де АҚШ-қа осыған ұқсас айып таққан.
Түркия әскери операциясы басталудан бұрын АҚШ өз әскерін Сүрияның солтүстік аймағынан шығаратынын айтып еді, бірақ бірнеше күннен кейін Уашингтон тарабы Сүриядағы мұнай нысандарын қорғау үшін 500-ден астам АҚШ әскері Сүрия жерінде қалатынын мәлімдеді. Пентагонның қазіргі басшысы бір реткі мәлімдемесінде: «Америкалық жауынгерлер мұнай нысандарын террорлық топтардан ғана емес, Ресей мен Башар Асад күштерінен де қорғайды», – дегені бар-тын. Бұл Сүрияның мұнай қорлары АҚШ-тың бақылауында дегенді білдіре ме?!
Хабарларда Сүрияның ең бай мұнай алаптарын күрд қарулы қосындары бақылап тұрғанын, мұнайдан түсетін табысты да солар көріп отырғаны айтылып келеді. Қазір Сүрияның өз ішінде осы мұнай нысандарына деген талас күшейіп келеді. Алдағы қақтығыстардың негізі де сол мұнай болуы мүмкін. Башар Асадқа қарасты үкімет күштері Ресейдің қолдауында бірқатар маңызды мұнай кендерін өз қолына алды. Енді күрд күштері иелік етіп отырған мұнай кендері үшін күресуге дайын отыр.
Тап осы мұнай мәселесінде Дамаск пен Мәскеу арасында көптеген келісімдер бар. Соның бірі былтыр жасалған энергетика саласындағы ынтымақтастық келісімі. Бұл келісім бойынша Ресей Сүрияның мұнай-газ саласын қайта қалпына келтіру үшін зор мүмкіндік алған бірде-бір ел болып қалды. Осыдан кейін де АҚШ пен Ресей арасында Сүрия мұнай табысы бойынша айыптаулар күшейе түсті.
Террорлық топтар да Сүрия мұнайын тонады
Сүриядағы саяси тұрақсыздықпен қатар өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған террорлық ұйым да елдің басым аумағын өз бақылауына алды. Олар Сүрияның мұнайлы өлкелерін басып алуға бар күшін салған. Бір тұстары Пентагон таратқан мәліметте «ИМ» тобы Сүрияның мұнайынан жылына 40 млн АҚШ доллары көлемінде пайда тауып отырғанын айтқан. Кейін Сүриядағы соғыста жеңілген «ИМ» тобы уысынан шығып бара жатқан мұнай нысандарын жарып жіберген.
Дамаск елдің мұнайлы өңірлерін өзіне қарата алмай келеді
2017 жылдан бастап күрд қарулы күштері АҚШ-тың қолдауында «ИМ» тобы иелік еткен кейібір мұнай нысандарын өзіне қарата бастады. Ал, негізінде Сүрияның мұнайлы өңірлері дерлік үкіметке қарсы оппозициялық күштердің қарамағында болды.
Мұнай табысын кім көріп отыр?
Пентагонның мәліметіне сенсек, Сүрияның қазіргі мұнай табысы Ресей айтқандай Құрама Шттарға тәуелді емес, Сүрия Демократиялық күштеріне тиесілі. Бұл туралы Пентагонның лауазымдылары әр жерде мәліметтер берген. Ал, Таяу Шығыс институтының зерттеушісі Чарлиз Листер өз мәліметінде: «Қазіргі Сүрия мұнай өндірісінің 70 пайызынан астамына Сүрия демократиялық күштері және елдің шығысындағы одақтас ұрылар иелік етіп отыр», – деген.
Сүрия демократиялық күштері күрдтерге қарасты екені белгілі. Демек, бір сөзбен айтқанда 2017 жылдан бері Сүрия мұнайы сондағы күрдтердің қолында. Осы арада мына бір түйінге назар аударған да жөн. Ирактағы ең мұнайлы өңірлерге де сол елдің күрдтері қоныстанған. Ирактағы Күрд автономиясы Ирак соғысы кезінде мұнай өндірісін өзіне қаратқан болатын. Дегенмен, Сүриядағы жағдай басқаша. Түркияның әскери операциясынан кейін күрд қосындары өздері бақылап отырған мұнай кендерін тастап кетуге мәжбүр болды. Осы орайда Дамаск бұл байлық көздерін өзіне қаратуды көздеп отыр.