Бүгін мәжіліс жиынында бас прокуратура өкілі Марат Ахметжанов Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер мен толықтыруларды таныстырды.
Бүгін Парламент мәжілісінің пленарлы отырысының бірінші оқылымында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарастырылды. Мінберге шыққан Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар түзетулерді таныстырды. Оқылымнан кейін депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
2014 жылы қайта қабылданған Қылмыстық кодексте көрсетілген қылмыс санаттарын қарау көзделген.
«Егемендік жылдары қамауда отырған адамдардың саны 70 мыңға азайды» деген генерал-майор ведомствоның қылмыстық заң қаталдығын азайтып, жеңіл әрі орта қылмыстарға көңіл бөлгенін мәлімдеді.
Ол түзетулер негізінен 3 бағытта әзірленгенін хабарлады.
– Қасақана қылмыстар үшін жауаптылықты күшейту – меншікке қатысты ұрлық, тонау, қарақшылық ауыр қылмыстар санатына өтпек. Бұдан былай ұрлықта татуласу болмайды, яғни кешірім берсе де заң жауаптылығы жеңілдетілмейді, – деді заңгер Ахметжанов.
Жыныстық қылмыстар бойынша жауаптылық жаңа сипатта қарастырылады. Зорлау да ауыр қылмыс санатына көшеді. 14 жасқа толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскен педофилдер 20 жылға немесе өмір бойына бас босандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар бас прокуратура өкілі ел ішінде барымтаның көбейіп кеткенін айыптап, оған қамқорлық танытатын шенеуніктер мен құқық қорғау органдары мүдделі екеніне баса мән берді. Талдау процесіндегі заң жобасында ұрлық үшін 5 жылдан 12 жылға дейін жаза көзделуде.
Бұдан бөлек қорғауға алынған жануарлар мен өсімдік әлеміне қатысты қылмыстар да ауырлығы орта қылмыстар санатына кірмек. Қазір 50 тәулік болса, алда 4 жылға дейін жаза қолданылмақ. Айыппұл бүгінгі 5 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін өседі. Егер қылмыс табиғи қорық аумағында немесе қызыл кітапқа енген субъектіге байланысты іске асқан жағдайда 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал аса ірі броконерлік қылмысқа 10 жыл жаза тағайындалмақ.
Толықтырулар қатарында көлік құралдарын тізгіндеу мәселесі де аталды. Қолданыстағы заң бойынша мас-сау болмасын кісіні қағып, өлтірген жүргізушіге жаза бірдей, ары кеткенде 5-ақ жыл дейді Марат Мұратұлы. Ол:
– Енді мас күйінде жасалған осындай қылмысқа 10 жылға дейін бас бостандығынан, қала берді өмір бойы көлік айдау құқығынан айырылады. Ал мас күйде көлік айдағаны шін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, жүргізу құқығынан айыру дедлайны 8 жылға дейін ұлғаймақ, – деді.
Жазаны қатайту арқылы профилактиканы күшейту бағытында қаралған заң жобасында есірткінің интернеттегі еркін айналымы да сөз болды. Қоғамның қарсылығын тудырған өткір мәселелердің мейілінше қатаң жаза түрінде қайта қаралуы қаншалықты тиімді болары уақыт еншісінде.