АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мақсатында Конгресс өкілдері арнайы топ құрды. Бұл туралы отандық телеарналар хабарлады.

Екіжақты қарым-қатынасты реттеу, байланысты нығайту және елдегі орын алған жағдайларды талқылау мақсатында жұмыс істейтін топтыкң те төрағалары болып Стив Шабот, Грегори Микс және Роберт Адерхольт сайланған. Ресми мәліметтер бойынша, аталған топ парламентаралық байланыстың нығаюына да назар аудармақ.

Былтыр қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Уашингтонға ресми сапары және мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың биыл қырүйектегі Нью-Йоркке сапары кезінде көтерілген мәселелер мен іскерлік қарым-қатынастардың жүзеге асуына мұрындық болмақ ниетте.

Осыған дейін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Конгресс өкілдерімен кездесуде: «АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Біз сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық салаларда тығыз ынтымақтастық орнаттық. Елдеріміздің өзара табысты іс-қимылдарының маңызды бағыты қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласы саналады», – деген болатын.

Негізінен АҚШ тарихында кокустар дәстүрі XVIII ғасырдан бастау алады. Ол кезде кокус қандай да бір саяси мақсатқа жету үшін құрылатын. Ал қазір олар АҚШ-тың заң билігінде кеңінен таралған.

Қазақстан Американың Орталық Азиядағы ірі серіктесі саналады. Тәуелсіздік жылдары ішінде Америка компаниялары тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылған. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы олардың көлемі 44,7%-ға өсіп, 5,3 млрд АҚШ долларына жеткен.

"The Qazaq Times"