Бүгін, 2 қараша – Халықаралық журналистерге қарсы қылмыстың жазасыз қалуына тойтарыс беру күні. 2013 жылы БҰҰ халықаралық күндері жүйесіне белгіленген. Сөз еркіндігі бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұратын Қазақстан журналистері де аз қысым көріп жүрген жоқ. ХХІ ғасыр басталғалы бері халқының саны бір Стамбұлмен шамалас елде (бізде) тілшілердің кәсіби міндетіне кедергі жасаудың 800-ден астам фактісі тіркелген. Бұл тек тіркелгені, ал...
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры «Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» тақырыбында арнайы зерттеу деректерімен бөлісті. Қор есебінше, ХХІ ғасыр басталғалы бері, 2000 жылдың қаңтары-2019 жылдың қыркүйегі аралығында тілшілер жұмысына 839 кедергі келтіру фактісі тіркелген.
Халықаралық қор президенті Тамара Калеева Азаттыққа берген пікірінде елде «заң жүзінде журналистер қорғалғанымен іс жүзінде тілшілердің қорғансыз» екенін айтады:
– Қазақстандағы ахуал Сириядан жақсы шығар. Бірақ бұл мамандықты Қазақстанда қауіпсіз деп айтуға келмейді. Журналистерді қорқытады, жала жауып, үстерінен іс қозғайды, жекелеген азаматтар абыройыма нұқсан келтірді деп арыз түсіріп, қатты тұқыртады. Тілшіні соққыға жығып, техникасын сындыру да бар. Бір топ адам түсірілімге әдейі кедергі келтіреді. Тілшіге тосқауыл келтірудің түрі көп және жыл сайын сипаты түрленіп келеді, – дейді.
2000 жылдың қаңтары-2019 жылдың қыркүйегі («Әділ сөз» есебі)
«Әділ сөз» қорының мониторингінде тіркелген деректер:
– тілшілер жұмысына кедергі келтірудің 839 оқиғасы;
– 27 факті бойынша тілшілер полицияға жүгінген;
– прокуратураға шағымданған 14 факті;
– жоғарғы инсанцияларға 14 арыз түскен;
–2 іс сотқа дейін жеткізілген.
БАҚ пайдасына тек 2005 жылы бір-ақ іс оң шешім тапқан.
Айыптыларды тәртіптік негізде жауапкершілікке тартудың 6 оқиғасы.
2019 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында
Құқықтық статистика комитеті мен ҚР Бас прокуратурасының арнайы есепке алу қызметінің мәліметтері бойынша | «Әділ сөз» баспасөзді қорғау қорының мәліметі негізінде |
– Жалпы базаға тіркелген істер саны – 2-еу.
– 1 іс тоқтатылған. – Сотқа жолданған іс, жоққа тән – 0. |
– 64 жағдай бойынша журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасалған.
– 3 іс полицияға жолданған. – 1 іс бойынша прокуратураға арыз түсірілген. – 2 факті жоғарғы инсанцияларға жолданған. – 2 жағдай бойынша қылмыстық іс қозғау тоқтатылған. |
Полиция сырттай бақылайтын теперіш
Биыл Қазақстандағы саяси өзгерістер мен бұқаралық құқықтық сауат күшейіп, азаматтық қоғам аяққа нық тұруға талпынған шақта белгісіз топтар (сарапшылардың пайымдауынша билік) БАҚ өкілдеріне елуге тарта небір құйтырқы-ашық әдістермен белсенді түрде қысым жасап келеді. Осы орайда халықаралық қор құзырлы органдарға шағымданған тілшілердің арызын түзіп, есебін әзірлеген.
Зардап шеккен тәуелсіз журналистер (заңгер Инара Масанованың қорғауында):
Сергей Дуванов
Дмитрий Тихонов
Азаттық радиосының журналистері мен операторлары (заңгер Айман Омарованың қорғауында):
Қари Қуанышбек – Алматы қалалық ПД-ға шағым түсірген
Өркен Бисенов – астаналық ПД ӨҚБ-ға шағым түсірген
Ержан Әмірханов – астаналық ПД ӨҚБ-ға шағым түсірген
Ғанизат Оспанов – астаналық ПД ӨҚБ-ға шағым түсірген
Тимур Айтмуханбетов – астаналық ӨҚБ-ға шағым түсірген
Нұргүл Тапаева – Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасына шағым түсірген
Тоқмолда Құсайын – Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасына шағым түсірген
Шолпан Оразбекова – Алматы қалалық ПД ӨҚБ-ға шағым түсірген
Павел Энгелгард – Алматы қалалық ПД ТБ-ға шағым түсірген
Асылхан Бәкір – Алматы қалалық ПД-ға шағым түсірген
Шын мәнінде, зайырлылық принциптеріне тән мемлекет ісін жүргізетін халықтың жалдамалы қызметкерлері, яғни билік тобы қоғамдағы шындықты айтудан рахат алып, бұғып қалса тынысы тарылатын тәуелсіз азаматтық белсенділерді сөз бостандығымен қамтуы тиіс. Әйтпегенде, өз шындығын жеткізіп, ішкі күйігінен жеңілдеу үшін алаңға шығатын ашынған бұқара азаймайды. Ортада БАҚ және ел зиялылары ортақ халық мүддесіне қызмет етпегі – мыңжылдықтар көшінде айқындалған темірқазық уәзипа.
Осыдан бір апта бұрын халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (Reporters sans frontières/RSF) және «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists/CPJ) ұйымдары Қазақстан билігін аймақтағы белгілі журналист Амангелді Батырбековті дереу босатуға, сөз бостандығын шектемеуге шақырды. Бұған дейін қыркүйектің 23-і аудандық «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы, азаматтық қоғам белсендісі, журналист Амангелді Батырбеков Сарыағаш аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің «жала жабу» (130-бап) және «қорлау» (131-бап) баптары бойынша 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған еді.
«Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) ұйымы «жала жабу және қорлау туралы қылмыстық заңдарын зайырлылыққа тән құндылықтармен жетілдіру керек. Мұндай мәселелер азаматтық істер қатарында қаралуы тиіс» деген болатын. Ал RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұр.