Өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған, бұдан 5 жыл бұрын Ирак пен Сүрия жерінде «халифат» жариялап, әлем елдерін әбігерге салып террорлық топ өзінің жаңа лидерін жариялады. Бұдан бұрын АҚШ-тың арнайы жасағы аталған террорлық топтың бұрынғы лидері әл-Бағдатиды арнайы операция барысында өлтіргенін мәлімдеген болатын.

«ИМ» террорлық тобына қатысты ақпарат көздерінде айтылуынша ұйымның жаңа лидерінің есімі – Абу Ибрагим әл-Хашеми әл-Кураши. Топ ішінде Хашеми атымен көбірек таныс. Бірақ, ол туралы толық мәлімет берілмеді, тек оның «жиһад» және «күрес ардагері» екенін айтқан. Бұған қоса террорлық топтың «ресми өкілі» (баспасөз мәлімдемешісі дегенге ұқсас) де өзгерген. Жиһадшыл топтың мәлімдемелерін бұдан былай Абу Хамза әл-Кураши жасамақ.

Лаңкестік топтың бұндай мәлімдеме жасауы бұрынғы лидері әл-Бағдатидың өлгенін растаумен бірдей. Оған қоса бір күн бұрын Пентагон тарабы әл-Бағдатиды нысанаға алған қарулы операцияның видео таспасын жария етті. Онда терроршылдардың атаманы жасырынған тұраққа арнайы жасақтың қалай басып кіргенін және әуеден жасалған соққыларды анық көруге болады.

«ИМ» террорлық тобынң лидері әл-Бағдатидың өлгенін мәлімдеген кезде АҚШ президенті Дональд Трамп «Әлем бұрынғыдан әлде қайда қауіпсіз бола түсті», – деген болатын. Трамптың бұл сөзін терістегендей «ИМ» тобы өзінің жаңа лидерін жария етіп, әлі де белсенді күйде екенін аңғартқандай болды. Әлем ақпарат құралдарында аталған жиһадшыл топтың қазіргі жағдайы туралы толық әрі нақты деректер тым аз. Бірақ, бірқатар шетелдік ақпарат құралдары «ИМ» тобы толығымен жойылмағанын, оның жақтастары алдағы уақытта өзге елдерде әрекет етуі мүмкін екенін ескертіп келеді.

 

“The Qazaq Times”