Бүгін құзырлы органдар тарапынан «рұқсат етілмеген», бірақ «болмаған» митингілерге байланысты ІІМ баспасөз қызметі «Жағдайды анықтау үшін және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру мақсатында полицияға 26 адам жеткізілді» деп хабарлады.
Алматыдағы Төле би мен Панфилов көшелерінің қиылысында орналасқан Астана алаңында оннан астам адам ұсталды. Полиция олардың сөзін аяқтатпай бірден автозкақа салып әкетті. Күштік құрылымдармен қатаң режимде күзетке алынған аймақта арнайы жасақ «өз бетімше сейілдеп жүрмін» деген азаматтарды да алып кетті. Әкімдік қызметкерлері «Әбілязов белгілеген митингі орнында» жүргендерге тарау қажеттігін айтып ескерту жасады.
Түстен кейін басталса да «болмаған митингілер» өзге өңірлерде жалғасқан. Азаттық дерегінше полиция елорда, Шымкент және Ақтөбеде де азаматтарды ұстаған.
Осыған дейін ҚР аумағында экстремистік ұйым ретінде танылып, тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» («ҚДТ») қозғалысының басшысы, сырттай 20 жылға сотталып, артынан жазасы өмір бойына бас бостандығын айыру түріне ауыстырылған экономист, экс-банкир Мұхтар Әблязов азаматтарды интернет арқылы 26 қыркүйек жаппай наразылық шарасына шақырған еді.
Митинг өтеді деп жоспарланған аймақта өзін Шорағали Әлжанов Жұмаденұлы деп таныстырған белсенділердің бірі арнайы жасақ пен құқық қорғаушы органдардың өкілдеріне қарата Конституциядан үзінді оқып берді. Жарты сағатқа жуық ел ішіндегі саяси-әлеуметтік "ахуалдың шиеленісуіне" қатысты билік басшылары мен әскерилерді "елдің, болашақ ұрпағының тағдырына бейжай қарамауға" шақырды.
Әуезов ауданы полиция басқармасының өкілі Әлішер Тұрсынбеков БАҚ өкілдерінің қазақша айтуын сұрағанына қарамастан тек орыс тілінде:
–…Бұл орында санкцияланбаған және заңсыз ұйым саналатын ҚДТ-ның ұйымдастыруымен қандай да бір митингтерді өткізуге рұқсат етілмейді. Сот шешіміне сәйкес аталған ұйымға Қазақстан аумағында тыйым салынған. Кеше Бас прокуратура азаматтардың рұқсат етілмеген митингке шықпауы, заңды сақтауы жөнінде ресми мәлімдеме жасаған болатын. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін, қоғамдық тәртіпсіздіктер орын алмауы үшін тағы да ескерту жасаймыз. Тәртіп бұзушыларға заң бойынша шаралар қолданылады. Тәртіпсіздік орнатқан азамат Алматыдағы полиция мекемесіне жеткізіледі», – деп мәлімдеме жасады.
Кеше, қыркүйектің 25-і өтуі ықтимал санкцияланбаған митингке қатысты Қазақстанның Бас прокуратурасы ел азаматтарына «қатаң ескерту» түрінде үндеу жасаған еді. Сондай-ақ, күштік құрылымдар профилактика ретінде ҚДТ акциялары қарсаңында әдеттегідей құзырлы органдар азаматтық қоғам белсенділерінің түс-атын түгендеп, ескертіп, шақыртып, хабарласып, кейбірін қамап, рұқсат етілмеген жиынның болмауына барынша «еңбек етіп» жатыр.
Мұның дәлелі ретінде facebook желісіндегі #IHaveAChoiсe#ActivistsNotExtremists тобының жетекшісі, «Открытый диалог» қорының президенті Людмила Козловска ұсынған мәлімет бойынша, 17-25 қазан аралығында елдегі 10 қалада белсенділерге 50 қысым көрсету оқиғасы анықталған. Олардың 12-сі әкімшілік ұстау-қамауға алынса, 3 белсендіге әкімшілік айыппұл жазасын тағайындаған.
Шетелдегі Қазақстандық оппозиция мен билік текетіресінің арасында қағажу көрген азаматтық қоғамның үні мен болашағы жайлы сарапшылар «Алаңға шыққандардың бәрін Әбіләзовтың жақтастары деп санау биліктің үлкен қателігі» деген болатын.
Жиналғандардың түгелдерлігі БАҚ пен күштік құрылым өкілдері, сондай-ақ сырттан азаматтық формада бақылап, бейнеқұрылғыларға тартып жүрген белгісіз адамдар да көп болды.