ҚДТ акциялары қарсаңында әдеттегідей құзырлы органдар азаматтық қоғам белсенділерін түс-атын түгендеп, ескертіп, шақыртып не хабарласып, осы кезге дейінгі тәжірибе көрсеткендей «керек деп тапқан тұсында» тұтқындап, рұқсат етілмеген жиынның болмауына барынша «еңбек етуде». Күштік құрылымдардың профилактикасынан бөлек Қазақстанның Бас прокуратурасы республика жұртшылығына «қатаң ескерту» һәм «сақтандыру» жайлы үндеу-хатын жолдады.
Профилактик полиция, пәрменшіл прокуратура үндеу шашты
ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қазақстанда экстремистік деп танылған 20 жылға сырттай сотталған экс-банкир Мұхтар Әбілязовтың жетекшілігіндегі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» бейресми қозғалысының халықты санкцияланбаған кезекті қарсылық акциясына қатысуға шақыруына орай үндеу жариялады. Онда экстремистік ұйым батамашылдық ететін рұқсат етілмеген шеру «ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданатыны» жайлы ескертілген.
Бас Прокурорның орынбасары Б.Дембаевтың «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібіндегі үндеуінде:
– Әлеуметтік желілерде сотпен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы (ҚДТ) мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, қатысуға шақырулар таратуда.
Аталған ұйымның мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес экстремистік ұйымдарды тарта отырып, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге, олардың айырым белгілерін пайдалануға, экстремистік материалдарды таратуға жол берілмейді.
Осыған байланысты, мемлекеттік органдар сотпен тыйым салынған экстремистік ұйым бастамашылық етудегі рұқсат етілмеген наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданатын болады. Заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауапкершілік мәселесі қойылатын болады (50 АЕК-ке дейін айыппұл, 15 тәулікке дейін қамаққа алу).
Бас прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында азаматтарды арандатушылық шақыруларға берілмеуге және экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысудан бас тартуға шақырады, – делінген.
ҚДТ акциялары қарсаңындағы азаматтық қоғамның дәстүрлі қысым көруі
Қазақстандағы қызметіне тыйым салынған оппозициялық қозғалыстың кезекті митингі қарсаңында құқық қорғау органдары әдеттегідей көзге түскен азаматтық қоғам белсенділеріне алдын-ала ескерту беріп жатыр. Мысалы, жаңаөзендік бір топ белсенді: Мұратбай Жұмағалиев, Сәтмағамбет Бектілеев, Нұрлыбек Нұрғалиевтер өздерін полиция үйлеріне іздеп келіп жатқанын айтқан. Тіпті Жаңаөзен белсендісі Шолпан Өтекеева Азаттыққа берген сұхбатында оны ҰҚК шақырғанын айтқан. Сонымен қатар, астаналық белсенділер Ербол Есхожин мен Әлия Жақыпова, тағы басқалары полиция тарапынан шақыртулар алған, тіпті аңду-қорқыту амалдары қолданылған.
Facebook-тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобы ұсынған мәлімет бойынша, 17-24 қазан аралығында белсенділерге 31 қысым көрсету оқиғасы анықталған. Топ жетекшісі, «Открытый диалог» қорының президенті Людмила Козловска «Бейбіт жиын қарсаңында Қазақстан билігі белсенділердің ізіне түсіп, қорқыта бастады, бұл масқара жағдай» деп мәлімдеген Азаттыққа.