Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі Қазақстан-Қытай жұмысшыларының арасында дау туған «Citic Construction» компаниясында заңсыз жұмыс істеген қытайлық иммгранттар тексерістен кейін депортацияланғанын хабарлады.

Талдықорған мамандандырылған әкімшілік соты, сондай-ақ Ақсу аудандық соты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 2-бөлігі (Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың халықтың көші-қоны туралы заңнаманы бұзуы) бойынша 70 Қытай азаматына қатысты қозғалған  әкімшілік істі қараған.

Естеріңізде болса, кеше қоғамдық резонанс тудырған, құзырлы органдарға қатысты көлеңкелі тұсы көп іс бойынша Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюрода азаматтық қоғам белсенділері мен қамалғандардың өкілдері арнайы баспасөз жиынын өткізген еді.

Ведомствоның бүгінгі хабарламасына қарағанда, 9 қазандағы сот шешімдерімен ҚХР-ның барлық 70 азаматы кінәлі деп танылып, оларға елден шығару түрінде «әкімшілік жаза» қолданылған. Бірақ мәлімдемеде «Citic Construction» компаниясына қатысты қолданылған шаралар жайында ештеңе айтылмаған. Белсенділердің айтуынша, заңсыз иммигранттарды қызметке тартып, кадрлық алауыздық пен әлеуметтік алалауға жол бергені үшін Қазақстанның Еңбек заңын бұзған компанияға билік «ешқандай айыппұл, басқа да шаралар қолданбаған, тек ескерту жасаған». Сот актілері күшіне еніп, шет мемлекеттің азаматтары Қазақстан аумағынан шығарылған деседі.

Бюродағы 5 қазақстандыққа араша сұраған жиында журналист, қоғам белсендісі  Рысбек Сәрсенбайұлы өз сөзінде:

– Ең негізігі мәселе, бұл жерде мемлекет өз азамататрының мүддесін қорғай алмай отыр. Қазақ билігі қазір инвесторларды құдайындай көреді. Төбесіне тайраңдатып қойды. Қытаймен жасалған келісім-шарттар жабық. Бұл ашық болуы керек. 69 қытай азаматының заңсыз жүруіне кім жол берді? Соны анықтап жазалау керек. Жиі рейд жасау қажет. Заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтауға қоғам белсенділеріде атсалысу керек. Мына төбелесте қытай азаматтары «періште» болды. Қазақтар – қылмыскер. Бұлай болмайды, – деген болатын.

"The Qazaq Times"