Қытай азаматтарымен болған төбелеске қатысты бес қазақстандық Алматы облыстық сотының санкциясымен екі айға қамалған. Бүгін қоғамдық резонанс тудырған, құзырлы органдарға қатысты көлеңкелі тұсы көп іс бойынша Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюрода азаматтық қоғам белсенділері мен қамалғандардың өкілдері арнайы баспасөз жиынын өткізді.

Хроника

7 қазанда облыс аумағындағы Ақсу ауданында жол салып жатқан «Citic Construction» компониясының жұмысшылары арасында жанжал туып, шетелдік жұмысшылардың жабыла соққыға жығуының салдарынан Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, 21 жастағы этникалық қазақ Қанат Жамбыл жарақаттанған еді. Келесі күні, қазанның 8-і  аталмыш компанияда жұмыс істейтін бес қазақстандық пен қырық шақты қытайлық жұмысшылар арасында төбелес болған.

Жәбірленуші Жамбыл Қанат:

– Бас инжинер тракторды қаға берген соң, трактордан түстім. «Жай істе. Әйтпесе кет», деді. Жөн сұрадым. Сол кезде күрекпен аяғымнан ұрып жіберді. Артынша, одан неге бұлай жасағанын сұрап, жағасынан алдым. Сол кезде үш қытайлық азамат келіп, ұра жөнелді. Мен жерге құлағаннан кейін тепкілей бастады. Содан кейін орнымнан тұрдым. Директор келіп ажыратып алды. 

Ресми ақпараттарға қарағанда, төбелестен Қытайдың төрт азаматы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен.

Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша,  ашынған бес азамат «күдікті» есебінде алғаш бір ғана «Бұзақылық» бабымен тұтқындалған.

Тексеріс-зерделеу жұмыстары нәтижесінде атышулы «Citic Construction» мекемесінде шетелдің 33 жұмысшысы заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған. Белсенділердің айтуынша, заңсыз иммигранттарды қызметке тартқаны үшін компанияға билік «ешқандай айыппұл, басқа да шаралар қолданбаған, тек ескерту жасаған».

Жиын барысынан...

Адвокат Ләззат Ахатова жәбірленуші қытайлық азаматтардың ешбірі қоғам тарапынан «бес батыр» аталып кеткен күдіктілердің үстінен ешқандай арыз түсірмегенін айтады. Оның сөзінше, «Белгісіз себептермен құзырлы органдар  «қылмыс үстінен ұсталды» деп жазған» әрі не сорақысы «куәгерлер де, істі ашқан да, ұстап отырған да – қазақ азаматтары».

Екі жігіттің туыстары жылу жиысып, әрқайсысына 5 миллион теңге көлемінде, сотқа дейін кепілдікпен босатуға әрекеттеніп жатыр.

Адвокат осы аптаның жұма күні ҚК-тің 293-бабы 3 бөлімі, 107 бабы 2-бөлімі және 106 бабы 2-бөлімі бойынша айыпталып, қазір Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған жігіттер (Берікбол Рысалдинов, Бейбіт және Нұрбол Мұхаметалин, Сарқын мен Еркін Салқанов)  бір-бірімен беттестірілетінін айтты.

Құқық қорғаушы Ахатова жергілікті жігіттердің шамына тиген жанама фактор ретінде «қытайлардың қазақ қызын жабылып зорлағаны» туралы қауесет әсер еткен болуы мүмкін дейді. Жұрт арасына тараған сыбыста «Қытай жігіттері жабылып, қазақтың бір қызын зорлаған деседі. Қыздың ата-анасы ел сөзінен тартынып, тіс жармай отырған көрінеді».

Келіншектері көлдеп, балалары боздап отырған без азаматтың жайына қоғам ерекше алаңдаулы. Белгілі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы полицияның «Қазақстан азаматтарына суық әрі қатаң қатынасуы, қытайлықтарға жұмсақ көзбен қарауы – Назарбаев бастап Тоқаев жалғаған саясатының салдары» деп сынады.

Журналист Рысбек Сәрсенбайұлы өз сөзінде:

– Ең негізігі мәселе, бұл жерде мемлекет өз азамататрының мүддесін қорғай алмай отыр. Қазақ билігі қазір инвесторларды құдайындай көреді. Төбесіне тайраңдатып қойды. Қытаймен жасалған келісім-шарттар жабық. Бұл ашық болуы керек. 69 қытай азаматының заңсыз жүруіне кім жол берді? Соны анықтап жазалау керек. Жиі рейд жасау қажет. Заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтауға қоғам белсенділеріде атсалысу керек. Мына төбелесте қытай азаматтары «періште» болды. Қазақтар – қылмыскер. Бұлай болмайды. Мен қамауда жатқан, бір үйдің жалғыз ұлы Берік Ырысалдиновті кепілмен босату үшін атымдағы пәтерім мен көлігімді кепілге қоямын, – деп ағынан жарылды.

Сондай-ақ, іс Талдықорғанда тіркелгенімен, мұндай терең мәселе астана арқылы шешілетінін, сондықтан «қоғам талабын тікелей Ақордаға, ары қарай Кітапханаға жолдау қажеттігін» сөз қылды.

Бір қызығы, белсенділер куәгерлердің сөзіне күмәнмен қарайды. Іске автобус жүргізушілері мен полиция өкілін қоса есептегенде әзірге 3 кісі куәлік етуге тартылған.

Көлеңкелі тұсы көп резонанстық іске қатысты секем тудыратын басты жайттың бірі – сараптама қорытындысы дайын болмай жатып, екі бірдей «ауыр дене жарақатын келтірді» деген баптардың қосарлануы.

5 қазақ азаматының адвокаты Ләззат Ахатова. Фото: ашық дереккөз

«Қытай азаматтарының ауыр дене жарақаттарын алғанына күмәндімін. Ауыр дене жарақатын алған адам 21 күн ауруханада жатып, сот сарапатамалық қортынды шыққан соң ғана белгілі болуы тиіс. Бұл жерде олар бұнша уақыт ем алған жоқ. Сараптама қортындысын алған соң шағым келтірем. Ғалым Нариманұлы деген тергеуші жоғарыдағы баптармен іс қозғап жіберген. Бұл өте ауыр бап. Тергеуші менен қашып жүр, «дежурный» жауап береді. Бес азаматтың ісі бір, онымен осы тергеуші айналысып жатыр»,  – деді қызылағаштық азаматтардың адвокаты Ләззат Ахатова.

Адвокат «қашқақтап, ұстатпай жүрген тергеуші Ғалым Нариманұлына» қояр біршама сұрақтары барын айтады.

3 қытайлық пен 5 қазақстандықтың қылмысы бірдей бола тұра, келімсектердің жауапкершіліктен құтылып кетуі азаматтық қоғамды ашындырып алған тәрізді. Жиын соңына қарай, «Халық құрылтайы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан-Қытай азаматтарына қатысты екі істі де (қамалған бес қазақстандық, шегара кесіп өткен екі этникалық қазақ) жіті бақылауға алғанын хабарлап, қоғамнан заңдық тұрғыда көрсетілетін қызметтерге қолдау танытуын сұрады.

"The Qazaq Times"