Еуропалық одақ саммитінде Brexit жоспары талқыланып, 1 қарашада Ұлыбритания одақ құрамынан шығатыны мәлім болды. Мұнымен қатар, Еуроодақтың Brexit бойынша келіссөз жүргізушісі Мишель Барнье Ирландия мен Солтүстік Ирландияға қатысты 25 беттен тұратын саяси декларацияның қабылданғанын айтты.
Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск: «Біздің тарап бұл келісімді қолдап отыр. Жоспарланған мәреге аз ғана уақыт қалды. Жаңа келісімдерді Ирландия да жақсы бағалады. Одақ әрқашан Ирландияны қолдайды және Дублин үшін тиімсіз келісімдерді ұсынбаймыз», – деді. Еуропалық одақ мүшелерінің баяндамасынан кейін сөз сөйлеген Борис Джонсон: «Ұлыбританиядағы әріптестерім бұл құжатты бірауыздан қолдайды деп ойлаймын. Британ халқының мүддесі үшін, ешқандай кедергісіз Одақтан шықсақ болады. Бұл денсаулық сақтау мен инвестиция саласы жақсарып, 20 мың полиция қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі деген сөз», – деп мәлімдеді.
Сонымен, ЕО саммитінде 27 елдің көшбасшысы қолдаған бұл келісім енді британдық парламентте ұсынылады. Үш рет қабылданбаған Brexit бұл жолы еш кедергісіз 31 қазанға дейін бекітілуі тиіс. Тараптар кезекті мәрте ортақ келісімге келе алмаса, Біріккен Корольдік Одақтан келісімсіз кетеді.
Осыған дейін Солтүстік Ирландияның ЕО-ға қарасты бірыңғай кедендік аймағында қалуы Джонсон ұсынған Brexit бойынша жаңа жоспарға толығымен қайшы келетіні айтылған болатын. Британдық премьердің ұсынысы «бэкстоп» режиміне балама саналады. Яғни аталған жоспар ЕО мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй Үкіметі арасында қол жеткізілген келісімнің бөлігі саналады.
Бірккен Корольдіктің премьері Борис Джонсонның ұсынысына сәйкес, Солтүстік Ирландия өтпелі кезең өткеннен кейін Кеден Одағы құрамынан біржолата шығады және осы аумақтағы тауарлардың барлық санатына жаңадан кедендік режим енгізілетін болады.