Түркия күрдтер қоныстанған Сирия аймағында қарулы операциясын бастағаны белгілі болды. Күрдтер қоныстанған кейбір аудандар мен қалашықтарға түрік соғыс ұшақтары әуе соққысын жасады. Бұдан кейін артиллериямен атқылаған. Соңында жаяу әскерлер шабуылға шыққан. Түркияның шабуылынан кейін өңірде бірқатар дүрбелеңдер де болды.
Кеше ғана Түркия президенті «Бейбітшілік көктемі» аталған шараны бастағандарын, оның мақсаты Түркияға төнетін терроризм қаупін жою екенін айтқан болатын.
Түркия мен АҚШ арасындағы кейбір саяси ойындарда жиілей түскендей. Бастабында АҚШ Түркияның бұл әскери әрекетіне «жасыл шырақ жақты». Алайда, Түркия әскери дайындығын тамамдап, шабуылға өткен кезде Уашингтон тарабынан айып пен сын дауысы да естілді.
Түрік соғыс ұшақтары ең алдымен күрдтер қоныстанған Рас-әл-Айн қаласына әуе шабуылын жасады. Күрдтер басқаруындағы Сирия Демократиялық армиясы (СДК) аталған қалаға әуе шабуылы жасалғанын хабарлады және Түркия әуе күштері бейбіт тұрғындарды нысанаға алды деп айыптады. Сондай-ақ, СДК аймақта дүрбелең басталғанын жеткізді.
Сирияның кейбір оппозициялық ақпарат құралдары кемінде 6 елді мекенге шабуыл жасалғанын жазып жатыр. Шабуылдан кейін шекараға жақын аймақтағы тұрғындар оңтүстікке қарай босып кетіп жатқанын да айтуда. Кейбір мәліметтерде бас панасын тастап қоныс аудару шабуылдан бірер күн бұрын басталып кеткенін айтады.
Халықаралық ұйымдар өңірде әлеуметтік дағдарыс туылуы мүмкін деп ескертуде. Бұндай ескерту екі күн бұрын БҰҰ тарапынан да жасалған. Олар аймақтағы босқындар лагерінде жасап жатқандардың тағдыры туралы алаңдаушылық білдіруде.
Сирияның солтүстігінде аз санды америкалық әскерлер болған. Олар сириялық оппозициялық күштер және күрд қарулы күштерімен бірге «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы нәтижелі соғыстар жүргізген. Ал, Түркия қарулы күштері аймаққа кірердің алдында АҚШ президенті америкалық жауынгерлерді өңірден алып кету шешімін жасаған. Терроризмге қарсы одақтасы күрдтер АҚШ-тың бұл әрекетін «ту сыртынан пышақ салу» деп бағалап жатыр.
Бұған жауап ретінде Трамп Түркияға ескертуде жасағаны да белгілі. «Түркия шектен шығып кетсек, елдің экономикасын тас-талқан етемін», – деген президент Трамп. Ал, Еуропа тарабы Түркияға операцияны тоқтату туралы ескерту жасады. НАТО бас хатшысы да мәселеге байланысты сөйлесулер үшін Түркияға барғаны анық болды. Қазірге өңірдегі жағдай осылай. Түркия өзі ойлағандай қауіпсіздік аймақты құрып шыға ала ма, оны алдағы уақыт көрсетпек.