Жақында жария болған жаңа ақпарға сүйенсек, Қазақстанда 5G іске қосылған соң ұялы телефондарға eSIM енгізіледі. Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасаған «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев таяу аралықта бұл бағыттағы алғашқы шешімдер белгілі болады деді. Бұл – Қазақстандағы технологиялық жаңалық. Ал дүниежүзі сарыла күткен бесінші буын, яғни 5G-дің артықшылықтары мен кемшін тұстары өз алдына бөлек әңгіме.
Терминологияда көрсетілгендей, 5G дегеніміз – зерделі телефондардың, яғни смартфондардағы интернет байланысын құраған технологияның 5-ші буыны. Оны қолданушылар жылдам әрі тұрақты интернетке ие дегенді білдіреді. Мамандардың пікірінше, 4G-ға қарағанда 5G технологиядағы үлкен бұрылыс саналады. Осы бес ұрпақ технологияны бағамдай қарасақ, 1G тек дыбыспен байланысуға ғана қабілетті еді; 2G пайда болғаннан кейін адамдар телефон арқылы мәтіндер алмаса алатын болды; 3G-мен бірге фото-суреттер телефонда пайда болды; 4G видеоны ала келді.
Санаулы уақыт ішінде Канада, Түркия, Германия, Испания сынды алпауыт мемлекеттермен бірге Қазақстан да жаһан жаңалығын сынап көруге кірісіп кеткен. Тіптен АҚШ, Катар және Оңтүстік Корея сынды мыңдаған базалық станциясы бар елдерде мобильді операторлар 5G интернет желісін коммерциялық пайда көзіне айналдыру мақсатында іске қосып та үлгерген. Сондай-ақ, Жапония билігі 2020-жылға жоспарланған Олимпиада уақытында интернеттің бесінші буыны елдің толық аумағын қамтығанын қалап отыр. Ал смартфон өндірушілер де қарап қалмай, ғаламтордың жаңа түріне қосылуға мүмкіндігі бар гаджеттер мен телефондардың алғашқы модельдерін шығаруды қолға алған.
Жаңа технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан уақытта, Кореяның Samsung компаниясы Galaxy S10 смартфондары 5G байланысына қосылғаннан кейін интернеттің жылдамдығы 20 есеге тездейтінін мәлімдеген. Өз елдерінде 5G технологиясын дамытып, өмірге қолайлылық әкелуге бірқатар елдер дайындалуда. Бұл елдерде 5G байланысы жүргізушісіз көліктерді дамытуда да аса маңызды.
Бесінші буынның мүмкіндігі жоғарыда аталған тың жаңалықтарды қамтумен қатар, цифрлы басқару, алыс аралықты басқару тағы басқа да көптеген жаңа мүмкіндіктерді ала келмек. Әлем елдерінің ғаламторлық сынамасында көштен қалмауды мақсат тұтатын Қазақстан жақын арада халықтың 5G-мен қауышатынын айтып, «сүйіншілеп» отыр. 5 G желісін Қазақстанға енгізу процесі туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2023 жылға қарай аталған желіні барша облыс орталықтарында енгізу жоспарлануда дейді. Оның сөзінше жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін қазақстандықтардың 97%-ы ғаламторға шығу мүмкіндігімен толық қамтылатын болады.
Интернеттегі бесінші буынның арқасында саннан сапаға көшу үдерісі қалыптасып, көптеген мүмкіндіктің болатынына кепілдік беріп отырған қазақстандық «Қазақтелеком» АҚ басшылығы: «ЕSIM бойынша жаңа тұжырымдама бар. Ол чип түріндегі классикалық сим-картаның бағдарламалық деңгейде жасалатындығын білдіреді. Қазіргі уақытта ұялы байланыс операторлары eSIM тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сол кезде ұялы телефонға сим-картаны чип салмастан бағдарлама түрінде жасауға болады. Бұл нұсқа қазір талқыланып жатыр. Меніңше, 5G қосылғаннан кейін технологиялардың басым бөлігі eSIM негізінде енгізіледі», – дейді. Дегенмен, сапа басымдығының қауіпсіздікке, адамзатқа кері әсер ететін көлеңкелі тұстары да бар.
2017 жылы қыркүйекте Еурокомиссияға бір топ зерттеуші-ғалымдар 5G технологияның адам денсаулығына, климатқа кері әсер ететін белгілерін негізге ала отырып, аталған желіге мораторий жариялау туралы хат жолдаған. Ресми Еs-ireland сайтында жарияланған хат мәтінінде: «Шетел ғалымдары бірлесе отырып, бесінші буында желіні қолданудың адамға зиян екендігін ескертеміз. Желі салдарынан қатерлі ісік, жүйке-жүйенің зақымдануы, катарактаның артуы, ұрық, терінің зақымдануы сынды өзге де қауіпті аурулар туындайды. Бесінші буынның зияндығы соншалық, болашақта қауіпсіз аймақтардың азаюы да мүмкін. Сол себепті 5G технологияларға мораторий жариялауды сұраймыз», – делінген.
Калифорниядағы аутоиммунитетті зерттеу қорының директоры Тревор Маршалл: «Ғарыштан жоғары 5G милливольды сәулеленуді тарату жоспары, әрине, адамзат ақымақтығынан туындаған ойлардың брі. Мұның ертеңін, әлем үшін салдарын, қаупін ойлап отырған ешкім жоқ», – десе, үндістандық ғалым Гириш Кумар ғаламтордың бесінші буыны «әлемді қартайтады» деп дабыл қағып отыр. Сан зерттеулерге зер салған сайын, 5G технологиясын енгізу электромагниттік ластану деңгейін түбегейлі арттыратынын байқалады. Сондықтан да 36 елден180-нен астам дәрігерлер мен ғалымдар Еуропалық Одаққа ескерту ретінде хат жолдаған.
Тобықтай түйінге тоқталсақ, 5G жаңалығы кей шағын қалалар мен шалғай ауылдарда қолжетімсіз болып отырған 4G-дің аймақтарға кең таралуына бірден-бір себеп. Әйткенмен, 2010 жылы біздің тұрмысымызға енген ұялы байланыс стандарттарының соңғы нұсқасы 4G-дің өзін Қазақстан тұрғындарының толық меңгере қоймағандығын ескерсек, дамыған елдерден жаңа технологияны дамыту саласында кезекті мәрте бір көш артта қалатындығы байқалады. Ал оған бюджеттен қыруар қаржының бөлінуінен бөлек, адамзатқа тигізер кері ықпалы тағы бір мәселенің ұшын шығарып тұрғандай...