АҚШ мемлекеттік хатшысы Тиллерсон осы аптадағы Бейжің сапарында Қытай тарабына Солтүстік Кореядан төнетін қауіпке қарата жаңа шаралар қабылдатуға тырысатынын мәлімдеді.
Кеше, 16 наурыз бейсенбі, Тиллерсон мен Жапония сыртқы істер министрі Фумио Кишида (Fumio Kishida) Токиода кездескеннен кейін журналистерді қабылдағанда, АҚШ-тың Солтүстік Корея мәселесінде Жапония және Оңтүстік Кореямен болған ынтымақтастықты тереңдететінін айтты. Алайда, Тиллерсон Трамп үкіметінің Солтүстік Корея ядролық бағдарламалары мен зымырандарына қарсы тұрудың нақты жоспарларын ашып айтпады. Бұл туралы “The Wall Street Journal” басылымы хабарлап отыр.
Тиллерсон сөзінде Қытайды Солтүстік Кореяның экономикалық және саяси жақтан ең негізгі қолдаушы деп көрсетті. Ол тағы бұл мәселе Шығыс Азия өңірлік қайшылығындағы ең маңызды түйін деп атап өтті. Алайда алдағы сапарда екі жаққа да тиімді болатындай жаңа селбестіктерді орнатуға үмітті екенін айтты. Тиллерсон лауазымды қызметке тағайындалғалы бері, Шығыс Азиядағы алғашқы дипломатиялық сапарында жүр. Бұл оған АҚШ үкіметі артқан үлкен міндет, себебі, бұл сапар АҚШ пен Шығыс Азия арасындағы байланыстың дамуы мен құлдырауына тікелей қатысты. Әсіресе, АҚШ-Қытай арасындағы Трамп билігінен бергі алғашқы дипломатиялық байланыс. Апта соңында Тиллерсон Оңтүстік Корея және Қытай жоғары лауазымдыларымен кездеседі.
Тиллерсон сапарынан бұрын, яғни жыл басынан бері Солтүстік Корея өздерінің дербес зерттеп дамытып келе жатқан, құрлық аралық баллистикалық зымырандары сынағының соңғы кезеңге өткенін, ендігі жерде АҚШ-қа өздерін дәлелдейтінін айтқан болатын. Осыдан кейін АҚШ да бірден іске кірісіп, Оңтүстік Кореяға «Сад» зымыранға қарсы жүйесін орнату ісін жеделдетті. Оңтүстік Кореямен бірлесе отырып әскери оқу-жаттығулар тебінін арттырды. Алайда, Солтүстік Корея АҚШ пен оңтүстік көршісінің әрекеттеріне қарсы 6 наурызда, АҚШ-қа қаратып, 4 баллистикалық зымыран атқан болатын. Бір сөзбен айтқанда Тиллерсон сапары, АҚШ-тың Солтүстік Шығыс Азиядағы әскери әрекеттерімен бірге жасалған дипломатиялық іс-әрекеті. Оның табысты болу, болмауы Бейжің сапарынан кейін белгілі болады.
“The Qazaq Times”