Кеше, 23 қыркүйек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапарының алғашқы күні белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығымен, сонымен қатар БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель және «Bloomberg» ақпарат агенттігінің иесі Майкл Блумбергпен кездесумен басталды.
Америкалық саясаткер-сарапшылармен кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары, Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі сөз қозғаған.
Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап, осыған дейінгі жасасқан «келісімдердің жүзеге асырылуына ерекше мән береміз. Бұл сапар екі ел арасындағы кең ауқымды стратегиялық әріптестіктің негізін қалады» деді. Президенттің айтуынша, АҚШ Қазақстанға жалпы көлемі 45 млрд доллардан артық инвестиция құйған.
Тоқаев америкалық әріптестерін энергетикалық саладағы бірқатар бірлескен жобалардың табысты жүзеге асқаны туралы хабардар ете отырып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы және жоғары технология салалары бойынша өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер туралы ұсыныс білдірген.
60 жылдай тарихы бар АҚШ-тың жетекші сараптамалық және ғылыми орталықтарының бірі саналатын «Атлантикалық кеңес» отырысынан кейін Тоқаев БҰҰ Штаб-пәтерінде БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесті. Мұнда да тараптар өзара іс-қимыл перспективаларын: дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту жайын талқылап, бір-біріне мүдделі екенін мәлімдеген.
Мигель Анхель Тоқаевты жаңа лауазымына сайлануымен құттықтап, еліміздің мәдениет пен өркениетаралық диалогты дамыту ісіндегі еңбегіне жоғары баға берген. Ал ел президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұсынған діни ғибадат орындарын қорғау бойынша Альянс әзірлеген іс-қимыл жоспарының іске асырыла бастағанын қолдайтынын жеткізген.
Кездесу артынан іле-шала БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында Тоқаев «Bloomberg» ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі иесі Майкл Блумбергпен жүздесті.
Жиында Қазақстан мен «Bloomberg» ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, әлемдік экономиканың күн тәртібіндегі өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Қазақстан басшысы қыркүйектің 25-і Нью-Йоркте өтетін «Bloomberg» Жаһандық бизнес-форумының маңыздылығына мән беріп, елден «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысатынын айтқан. Майкл Блумбергті «Астана» ХҚО-мен ынтымақтасуды қолқалаған Тоқаев оны елге сапарлап келуге шақырған.
Естеріңізге сала кетсек, елде «Қытай экспансиясына» қарсылық күшейген тұста мемлекет басшысы осы уақытқа дейін қыркүйектің 11-12-сі күндері Қытайға екікүндік сапармен барып қайтқан болатын. Президент «бұл сапарымның қорытындыларына қанағаттануға барлық негіз бар» деп бағалаған ауқымды һәм сән-салтанатты кездесуде ҚХР төрағасы Ши Жинпиңмен «стратегиялық және ұзақ мерзімді мәнге ие» әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ 10 шақты маңызды құжатқа қол қойған еді.