АҚШ-та алдын ала сайлау қорытындысы бойынша республикалық партия өкілі Дональд Трамп сайлаушылардың 85% дауысқа ие болды.

«Супер сейсенбі» аталатын сайлау шетелдік басылымдардың негізгі тақырыбына айналған. Демократтар арасындағы партияішілік дауыс беру 14 штатта өтті. Оның қорытындысы бойынша Американың бұрынғы вице-президенті Джо Байден 10 штатта жеңіске жетті.

Байденнің негізгі бақталасы Берни Сандерс Вермонт, Юта, Колорадо мен Калифорнияда басым түсті. Миллиардер Майкл Блумберг тек Америкалық Самоада басым дауыс жинап, жарыс жолынан шығып қалды. Енді Блумберг демократтар атынан шығып отырған үміткерге қаржылай көмек көрсетіп, Байденге дауыс беретінін айтты.

77 жастағы Майкл Блумберг АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың басты қарсыласы саналған. Ол Нью-Йорктің мэрі қызметін 2002 жылдан 2013 жылға дейін атқарған. Сонымен қатар ол филантроп және атақты қаржылық жаңалықтар агенттігінің негізін қалаушы ретінде де танымал. Миллиардер АҚШ-тағы ең бай адамдардың бірі саналады. Forbes журналының бағалауы бойынша оның байлығы 54 миллиард доллардан асады.

Блумберг көп жылдар бойы Демократиялық партияның мүшесі болды, бірақ өзін 2001 жылы Нью-Йорктің мэрі етіп ұсынғанға дейін ол республикашыл ретінде тіркелген. 2009 жылы Bloomberg тәуелсіз саясаткер ретінде үшінші мерзімге үміткер болды. Өткен жылдың қазанда ол демократ ретінде қайта тіркелді.

Айта кетейік, Америкадағы кезекті президенттік сайлау 2020 жылдың 3 қарашасында өтеді.

"The Qazaq Times"