Түркия Сүрияда жүргізілетін әскери операцияға дайындықты аяқтады. Бұл туралы ел президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

Ердоған сөзінде: «Түркия Сирияда бастайтын әскери операцияға дайындықтарын тәмамдады. АҚШ біздің стратегиялық серіктесіміз. Сондай-ақ НАТО құрамында одақтас елміз. Дегенмен, біз ресми Вашингтонның лаңкестік ұйымдарға жасаған қолдауына көз жұма алмаймыз. Бүгінде аймақ «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымнан» азат етілді. Алайда, оның орнына Сириядағы ұсақ ұйымдардан біріккен «Демократиялық күш» тобы шықты. Оның басқа лаңкестік ұйымдардан еш айырмашылығы жоқ», – дейді.

Түркия бастаған әскери жорық күрттердің бақылауындағы жерлерді содырлардан тазартуды мақсат етеді. Алайда, бұл қадамның қашан оң нәтиже берері беймәлім.

6 қыркүйекте түрік президенті Режеп Тайып Ердоған Сүрияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын құру үшін Түркияға халықаралық қолдау көрсетілмесе, миллиондаған босқындар үшін Еуропаға шекара айқара ашылатынын ескерткен болатын. Сонымен қатар, ресми Анкара Еуропа елдерінен логистикалық көмек сұраған. Осыған байланысты, босқындар мен бейбіт тұрғындардың Сүриядағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсететін бірден-бір мемлекет АҚШ болғандықтан, Түркия аталған мәселені америкалық әскерлермен бірлесе шешуге бел буған.

9 қыркүйекте Түркия мен АҚШ әскерлері Сүрияның Евфрат өзенінен шығыс аудандарда қауіпсіздік аймағын құру мақсатында бірлескен операция өткізген. Кейіннен ресми Анкара Уашингтонның бұл істенемқұрайдылық танытып отырғанын хабарлаған.

"The Qazaq Times"