«Оқу құралдары барлығына беріледі» деп мәлімдеген Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова енді ата-аналар мектептерде жетіспейтін оқулықтарды өздері сатып алуы тиіс екенін айтты.  

Біздің білуімізше, қазіргі таңда Алматы шаһарында мемлекетке қарайтын 185 балабақша, 204 мектеп және  22 колледж бар.

«Оқулықтар есептелген контингентке сатылып алынады. Алматыда 244 мың оқушы бар. Биыл оқушылар саны тағы 17 мыңға артты. Біз мұны алдын ала жоспарлай алмаймыз. Яғни, балалардың кейбіріне жетпеуі мүмкін. Онда ата-аналар өздері сатып алуы керек. Бір жағынан олардың да жауапкершілігі болуы тиіс. 1-2 кітап сатып алса, ештеңе етпейді», – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жылда Алматыдағы оқушылар саны 10 пайызға артады. Осы оқу жылының өзінде оқушылардың саны 261 013 жетті. Тағы да 30 мыңға жуық оқушы орны тапшы болып отыр деседі.

Бір қызығы, тамыздың 12-сі өткен жаңа оқу жылына дайындық туралы брифингте басқарма басшысы Гүлнәр Махақызы  2019-2020 оқу жылында «1-11 сыныптарға 258 мыңнан астам оқушы келеді деп күтілуде. Алдын ала жасалған болжам бойынша бірінші класстықтар контингенті 32 мың оқушыны құрап отыр», – деген еді.

Сол жиында мектептердің барлық оқушыларына оқу құралдары беріліп, 20 тамызға дейін жеткізілетінін, 5 шілде мен 30 қыркүйек арасында үш айға жуық «Мектепке жол» акциясы жүретінін мәлімдеген болатын. Бірақ «барлық оқушыға берілетінін» хабарлаған басқарма басшысы енді ата-аналардың да «жауапкершілігі болуы тиіс, 1-2 кітап сатып алса, ештеңе етпейді» деп басқаша өң танытуы қоғамның қызу талқысына түсуде. Көпбалалы отбасылар қайтпек сонда, бес баласы барлар он кітап сатып алса, кемінде он мыңнан асатынын анық. Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалғанда қолдағы есепте 258 мың оқушы деп, алайда факт бойынша 261 мың оқушы келетін нендей зерттеу жұмыстары. Айырмашылық – 3000 оқушы. 6 бірдей орта мектептің оқушысына тең қисаптан жай ғана қателесу мүмкін бе деген сауал туады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылар тізімін түзудің жүйелі, автоматтандырылған алгоритмі жоқ болғаны ма сонда? Алматыда өмір сүру стандарттарының шығыны әлдеқайда көп, оқу құралдарының жетіспеуі көбіне қазақ мектептеріне тән мәселе екенін ескерсек, мәдениет пен ағартушылық ордасы саналатын білім басшылығы жауапты органдардың салғырттығын ата-аналардың «жауапкершілігіне ысырып» қоя салу тығырықтан шығар жол емес.

Білім саласындағы мемлекеттік саясат қағидасын ескерсек, елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясатты ілгерілету жобасы аясындағы «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы бойынша мемлекеттік оқу орындары өз контингентін білім берумен қатар, негізгі оқулықтармен толық қамтуы тиіс. Ең бастысы «Білім туралы» заңның 7-бабында көрсетілгендей білім беру жүйесінің «сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау»  міндетін негізгі қағида ретінде күн тәртібіне енгізген ләзім. Әйтпегенде тұрмыстық ауыртпалық баланың тұлғалық қалыптасуында кесірін тигізуі мүмкін.

"The Qazaq Times"