Қытай осы уақытқа дейін Қазақстанға қанша инвестиция құйды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған ресми іс-сапары барысында VI қазақ-қытай іскерлік кеңесіне қатысып, сөз сөйледі. Онда ол екі ел арасындағы экономикалық байланыс, сауда-саттық және инвестиция жөнінде айтты. Тоқаевтың сөзінше, Қытай осы уақытқа дейін Қазақстанға 20 миллиард доллар инвестиция құйған.
«Қытай Қазақстанның ірі сауда және экономикалық әріптестерінің бірі. Бұған екі ел арасында үлкен қарқынмен өсіп келе жатқан тауар айналымы дәлел. 2018 жылы тауар айналымы 11,4 пайызға өсіп, 12 миллиард долларды құрады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция құйды» - деді Тоқаев.
Бұдан бөлек президент Қазақстан арқылы Қытайды Еуропамен байланыстаратын 6 тас жол және 5 темір жол торабы бар екендігін және осы жол арқылы кез келген жүкті 15 күннің ішінде Батыс елдеріне апаруға болатындығын айтты.
«Қазақстан жоғары сападағы бидай өндіру саласы бойынша әлемнің үздік 10 мемлекетінің қатарына кіреді. Былтырғы жылы Қытайға бидай экспорты 550 мың тоннаны құрады. Біз бұны 3,5 есеге (2 млн тоннаға) арттыруға дайынбыз. Қазақстан тұзын әлемдік нарыққа шығару үлесі де артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тонна ас тұсын экспорттауға әзірміз» - деп мәлімдеді Қазақстан президенті.
Айта кететін бір жайт, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында Қазақстанда Қытай экспансиясына қарсы митингілер өтіп, халық арасында антиқылайлық көңіл-күй күшейген. Қыркүйектің 2-і күні Жаңаөзен қаласында басталған қарсылық акциялары кейіннен Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында жалғасқан.
Қазақстан президентінің Қытайға сапары 12-ші қыркүйек күні аяқталады.