ҚР Бас прокуратурасы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту туралы заң жобасын әзірледі. Жаңа нормалар туралы  Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты.  

«Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті жетілдіре түсу мақсатында жаңа заң жобасы дайындалды. Бұл жобаға қасақана жасалған ауыр қылмыстар мен аса ауыр қылмыстың жекелеген түрлеріне қолданылатын жазаларды қатаңдату бойынша өзгертулер енгізілді. Жыныстық тиіспеушілікке қарсы, зорлау және сексуалдық сипаттағы күш көрсету қылмысы үшін жауапкершілік күшейтіледі. Тіпті ауырлататын мән-жайлар болмағанның өзінде мұндай қылмыстар ауыр қылмысқа жатқызылады. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың барлығына жаза қатаңдатылады. Қызметтік міндетін орындау барысында қылмыс жасау деген қосымшаға біліктілік сипаты енгізіледі.  Яғни, оның жазасы қатаяды. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық үшін өмір бойына 20 жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады», – делінген прокуратура өкілінің мәлімдемесінде.

2018 жылы  Білім және ғылым министрлігі «Балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсетудің алдын алу жөніндегі 2019 –2021 жылдарға арналған ведомствоаралық бірлескен іс-қимыл жоспары» жобасын әзірлеген болатын.  Соңғы кездері БАҚ мен әлеуметтік желілерде ашық айтыла бастаған балаларға зорлық-зомбылық көрсету мәселесі туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 2-сі күні жасаған Қазақстан халқына жолдауында құзырлы органдарға жазалау шараларын қатаңдатуды тапсырған еді.

"The Qazaq Times"