Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам наразылығын тудырған Қытай еліне екі күндік ресми іс-сапары басталды. Алғашқы кездесу шарасы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Кеңсесінің басшысы Ян Цзечимен өтті.

Мемлекет басшысы Тоқаев кездесу барысында Қытай Халық Республикасының өкілі Ян Цзечи мырзаны бұрыннан білетінін, оның ҚКП сыртқы істер министрі лауазымындағы табысты қызметімен бұған дейін де жіті таныс екенін атап өтті. Президент бұл сапардың Қазақстан үшін өте маңызды екенін де айтқан.

– Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз.  Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз. Экономикалық ынтымақтастыққа келер болсақ, оның стратегиялық сипаты бар. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен төраға Ши Жиңпиң қол жеткізген уағдаластықтар одан әрі дами береді, – деді Қазақстан президенті.

Ян Цзечи де мақтау-құрметтен кенде қалмай Қасым-Жомарт Тоқаевты биылғы маусымда Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Оның айтуынша, «сайлаудағы жеңіс – Қазақстан халқының жоғары сенімінің көрсеткіші». Цзечи Қазақстан басшысының бұл сапарын екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікке тың серпін береді деп бағалады.

Қыркүйектің 9-ы күні Тоқаев Қытайдың орталық мемлекеттік телеарнасына (CCTV) берген сұхбатында Бейжіңмен «жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайту» Қазақстан үшін «аса маңызды» міндет екенін айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетсек, айдың басынан бері ел аумағында қытайлық «55 жобаның Қазақстанда жүзеге асуына, «Қытай экспансиясына» қарсылық акциялары көбейіп келеді.  Оннан астам қала мен аудан-облыстарды қамтыған наразылықтарда белсенділер тарапынан «Қытаймен қарым-қатынасты шектеу», «Тоқаевтың іс-сапардан бас тартуын», «Қазақстанда салынатын қытайлық 55 жобаның тоқтатылуын», «Қытайдан қарыз-несие алмауын» талап еткен болатын.

Ел президенті Тоқаев ҚКП басшыларының бірі Ян Цзечимен, екіжақты делегаттардың кездесуі. 11 қыркүйек 2019 жыл. Бейжің, ҚХР. Фото: Ақорда

Қазақстан басшысы Тоқаев Қытайға ресми сапармен барды. 10 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Берік Уәли

Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойымен құттықтап қазақша және қытай тілінде сұхбат беруде. 9 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Берік Уәли

 

"The Qazaq Times"