Елордада мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Марат Тәжин Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік коммиссия президентке жолданатын басты үш ұсынысын мәлімдеді:
Семей қаласының әуежайына Абай есімін беру және Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абайдың мемлекеттік сыйлығы деп өзгерту, шетелдердегі Қазақстанның елшіліктері негізінде «Абай орталықтарын» құру бастамалары сөз болды.
Мерейтой барысында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, Абайдың музей үйі, Құнанбай қажы әулетінің қорымы қайта жөндеуден өткізіліп, заман талаптарына қарай түрленбек. Даниял Ахметовтың сөзінше, облыс әкімдігі Абай ауданындағы бірнеше күрежолдар линияларын жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, алдағы уақытта республикалық әралуан шығармашылық одақтардың күн тәртібіне Абай және оның мұрасы тақырыбы енгізіліп, жаңа туындыларға арқау болуына ерекше мән берілуі тиіс. «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәрістер топтамасы әзірленіп, «Абай әлемі» порталы жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар, еліміздің барлық ЖОО-да «Абай оқулары», конференциялар мен симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, конкурстар мен олимпиадалар өткізіледі. Ғылыми жұмыстарды жүйелеу үшін ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» құрылады, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемі ұлғайтылады. Халықаралық мәдени байланысты күшейту мақсатында "Абай" операсы бірқатар шетелдерде гастрольдік сапармен қойылады деп күтілуде. Осыған дейін ел президенті Қ.Тоқаев алғашқы Қазақстан халқына жолдауында әл-Фараби, Абай, Алтын Орда мемлекетінің мерейтойларын атап өтуде ысырапшылдыққа жол берілмеу керектігін ескерткен еді.