АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық өндірушілер мен тұтынушылардың мүддесін қорғау және америкалық басымдықты сақтау үшін Қытайға қатаң экономикалық саясат жүргізіп жатқаны белгілі. Ол осы қатаң экономикалық саясаты арқылы Қытайды Құрама Штаттарға тиімді болған сауда келісіміне қол қойдырғысы келеді. Президент Трамп соңғы кездері өзінің Қытайға қаратқан саясатының дұрыстығын қайта-қайта дәріптей бастады. Ол үшін Трамп Қытайдың экономикалық жағдайының нашарлай түскенін алға тартады. Алайда, президент Трамптың Қытай экономикасы туралы жасаған бірнеше реткі мәлімдемесі бір-біріне ұқсамай шықты.
АҚШ президенті кеше жасаған мәлімдемесінде де Қытайдың қазіргі экономикалық жағдайна байланысты пікірін білдірді. Ол сөз арасында Қытайдың соңғы 57 жылдан бергі ең сәтсіз жылды басынан кешіріп жатқанын айтып өткен. Президент Трамп Қытайдың экономикалық жағдайын түсіндіргісі келгенде осындай жыл көрсеткіштерін бұдан бұрын да қолданған еді. Алайда, өткен аптада ол «61 жыл ішіндегі ең ауыр жыл» десе, бір ай бұрын бұл тарихи уақытты 35 жыл деп көрсеткен болатын. Трамп нені меңзеп отыр? Қытай шынында өзінің тарихындағы ауыр жылды басынан өткеріп жатыр ма?
Ең әуелі президент Трамптың сөзін келтіре кетейік, АҚШ президенті сәрсенбідегі мәлімдемесінде: «Біз Қытайға ондаған миллиард доллар көлеміндегі тариф енгіздік. Баға шарықтап кеткен жоқ, яғни бағадағы өсім аз мөлшерде. Оның көп бөлегін Қытай төледі, барлығын десем де болады. Қазір Қытай 57 жыл ішіндегі ең нашар жылын бастан кешіруде», – деді. Трамптың сөзін тәпсірлейтін болсақ, былай демекші: АҚШ Қытай тауарларына миллиардтаған доллар көлеміндегі тариф енгізсе де тауар бағасы жоғарламаған. Өндірушілер мен сатушылардың шығынының бәрі дерлік Қытай есебінен жабылуда. Сондай-ақ, Қытай ең ауыр жылды басынан кешіріп жатыр.
Шын мәнісінде, президент Трамптың бұл айтқардары толықтай дұрыс емес. Айталық, 28 тамыз күні Қытайдың импорттық тауарларына тарифті 27 млрд доллар көлеміне дейін көтерді. The New York Times басылымының жариялаған зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл шығындарды Қытай емес, АҚШ компаниялары мен тұтынушылары көтереді. Экономист-сарапшылардың көрсетуінше, Қытаймен болған сауда соғысынан америкалық әр отбасы жылына 460 долларын жоғалтады екен.
Ал, «Қытайдың ең нашар жылы» деген сөзіне келер болсақ, бұл жерде президент Трамп Қытайдың экономикалық өсімін айқысы келгені белгелі. Былтырғы ұқсас мезгілмен салыстырғанда Қытайдың ЖІӨ-і 6,2 пайызға тура келді және бұл 1992 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Демек, Трамп айтқандай 57 жыл ішіндегі емес, 27 жылдағы ең төменгі өсім көрсеткіші.
Бұдан 50-60 жыл бұрын Қытайда «Зор секіріс» және «Мәдениет төңкерісі» (Медениет революциясы) сынды науқандар жүргізілді. 1953-1978 жылдар аралығында Қытай үкіметі орташа жылдық өсім қарқынын 6,7 пайыз деп көрсеткен. Әрине, жоспарлы шаруашылық жылдарындағы бұл есептер көбінде «қызыл ұрандарға» толы болатындықтан, көптеген сарапшылар аталған ресми мәліметтің дұрыстығына күмәнмен қарайды. Ал, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, осы кезеңде (1953-1978) Қытай экономикасының жылдық өсімі 4,4 пайыз болған деп көрсетеді.
Ал, ресми деректерге жүгінетін болсақ, Қытайдың импорт, экспорт, сауда жобалары, басқа да экономикаға қатысты салалары биыл 50 жылдағы ең төмен көрсеткішті көрсетпеді. Бірақ, Қытайдың қарқынды даму кезеңіндегі көрсеткіштерімен салыстырғанда құлдырау анық байқалады. Айталық, шілде айында Қытайдың өнеркәсіптік өндірісі 4,8 пайыздық өсімді құрап, 17 жыл ішіндегі (2002 жылдың ақпан айындағы көрсеткішке тең) ең төменгі деңгейге түсті. Ал, тамызда Қытай юаны долларға шаққандағы құны соңғы 11 жылдағы ең төменгі шекке дейін түсті.
АҚШ президенті 30 шілде күні жасаған мәлімдемесінде Қытай экономикасы «27 жылдағы ең нашар жағдайда» екенін дәлме-дәл айтып еді. Бірақ, одан кейін ол Қытайдың жаңа заман тарихын өзі «реттей» бастады. Айталық, Трамп 9 тамыз күні «Қытай экономикасы 35 жылдағы ең төменгі жағдайда» екенін айтып шықты. 18 тамызға келгенде Трамп есебіндегі Қытай экономикасының «нашар жылы» «27 жыл» шегіне қайта түсті де, екі күннен кейін «54 жылға» дейін өсіп кетті. Ал, тіпті өткен жұмадағы Трамптың есебінде «Қытай экономикасы 61 жыл ішіндегі ең нашар деңгейде» болып шықты.