Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы бойынша қолға алынатын шараларды мәлімдеді.
Бүгін таңғы Үкімет отырысында үкімет басшысының орынбасары Сапарбаев «Халықтың баспасөзге қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіледі. Азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалады. Қоғамдық ұйымдарды арттыру үшін олардың нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енеді. Өздеріңіз білетіндей, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, еліміз егемендік алуының 30 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеді. Соған байланысты тиісті іс-шаралар қабылданады», – деді.
Бердібек Сапарбаевтың сөзінше қолданыстағы тіл жөніндегі және «Дипломмен ауылға» бағдарламаларына өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ заман талабына сай маңызды мамандықтар қайта қаралып, ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасын теңестіру шаралары қабылданатынын, мектеп пен мұғалімнің, білімді оқушылардың жағдайын жақсарту бойынша Үкіметке тапсырмалар берілді. Тоқаев келгелі Үкімет тапсырмаға «кенелгені» соншалық, әр мәлімдеме міндеттеме жүктеумен аяқталады. Бұл саяси сарапшылардың алдыңғы президенттен қалған «мұралармен» коррекциялық жұмыс жүргізу деген пікіріне саятын сияқты.
«Осы жөнінде Жол картасын дайындаймыз. ЖОО-ларға талдау жасалып, экономикаға керек емес мамандарды азайту туралы тапсырма берілді. Қаржыландыру саласында да өзгерістер болады. Негізгі қаржыландырулар облыстық деңгейге өткізіледі. Келесі мәселе – ғылымды дамыту. Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылымды дамыту жөнінде тапсырма берді. Соған орай үйлесім кеңесінде өзгерістер болады. Сондай-ақ, балаларды, отбасы институтын қорғау жөнінде 2030 жылға дейінгі тұжырымдама дайындалады. Балалардың арасындағы қылмыс, өз-өзіне қол жұмсау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс жүргізіледі», – деген Сапарбаев. Тамыз кеңесінде де Тоқаев ұлттық ғылымды дамыту жөнінде бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, арнайы бағдарлама қабылданатынын жариялап еді.
«Өздеріңіз естігендей, Мемлекет басшысы мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Әсіресе, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге маңыз берілді. Спорт саласының материалдық-техникалық базасын дамыту жөнінде нақты тапсырма бар. Қазір салынып жатқан 100 спорт кешенін аяқтау жұмысы бар. Осы салаға демеушілерді тарту міндеті бар», – деді ол.
Аталған шараларға қатысты кейбір сарапшылар мен тәуелсіз саясаткерлер әзірге Тоқаевты түпкілікті реформаларға бата алмайтынын, тек «косметикалық өзгерістермен» шектеледі деп болжайды.