Уашингтон Ауғанстаннан өз әскерін шығаруға ниетті. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео NBC агенттігіне хабарлады.
АҚШ Ауғанстанда 18 жылдан бері әрекет етіп, мемлекетті реформалауға барынша атсалысқан. Дегенмен, Құрама штаттарының Ауғанстанда мәңгі қалатын ойы жоқ, — дейді Помпео.
Биыл АҚШ пен «Талибан» радикалды қозғалысы бірнеше рет келіссөз жүргізіп, Ауғанстандағы жағдайды реттеуді талқылаған. Politico басылымының мәліметінше, таяуда өткен кездесуде тараптар елдегі шетелдік әскерді шығару бойынша ортақ шешімге келген.
Соңғы жылдары Ауғанстандағы жағдай күрделі бола түсті. Сүрия мен Иракта жеңіліс тапқан "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы ауған жеріне көше бастады. Бұл Батыс Қытай мен Орта Азияны алаңдатты. Ауғанстанда ДАИШ соғыс бастаса бұл Орталық Азия елдері үшін ең басты қауіпке айналатыны бұған дейін де айтылып жүр. Сол себепті Ауғанстан жағдайындағы қандай да бір өзгерістерге назар аудару маңызды болмақ.