Гонконгтағы әлеуметтік толқулар әлі де әлем назарын аударуда. Өткен аптада болған ереуіл жүрістерінде ереуілшілер «Гонконг жолы» ұранын көтерді. Бұл ұран Қытайдың ақпарат құралдары мен ресми билік тарабынан сынға ұшырады. Олар «Гонконг жолы» ұранында «Гонконг тәуелсіздігі» деген сөз жасырынған деп қарайды және бұл ҚХР тұтастығын бүлдіру, яғни, «бүлікшілдік» деп сынға алған.
Қытайдың ресми басылымы «Рын мин Ры бау» («People Daily») Гонконг ереуілшілерінің әрекетін «ерекше саяси ниеті бар» деп жазды. «Адам құқығы» деген желеумен «Гонконг жолы» ұранын көтеріп, өздерінің «дербестікке ұмтылған бет пердесін ашып тастады» деген бағасын аталған басылым редакциясы атынан жариялаған. Сондай-ақ, Гонконг толқуын «ультра-радикализм» ретінде бағалайды. Қытайлық ресми басылым «Гонконг жолы» туралы сынай келіп, бұдан 30 жыл бұрынғы «Балтық жолының» соңы не болғанын алға тартқан. Сондай-ақ, Гонконгтағы ереуілшілерге оқиғаның бұлай дамуы «жақсылыққа апармайтынын» ескерткен.
Бірақ, сарапшылар Қытайдың ресми билік тарабының және ақпарат құралдарының бұл айыптауын Гонконгтағы демократияны жақтаған ереуілдің сипатын қасақана бұрмалау деп қарайды.
Өткен апта соңында Гонконгтағы «Мин Бау» басылымы наразылық акциясының жетекшілеріне сілтеме жасай отырып, «Гонконг жолы» ұранын былай деп түсіндіреді: «Гонконг жолы – бұл фракция емес, Гонконг халқының бірлігін көрсету. Бейбіт түрдегі «бес негізгі тілекке» жетуге ұмтылу және демократия мен адам құқығын жақтаушылардың басын біріктіреді деп үміттенуден туған ұран». «Бес негізгі тілек» деп отырғаны 1 шілде Гонконгтың Қытайға қосылған күніне орай ереуілшілердің заң шығарушылар ғимаратының алдында қойған бес талабы. Бұл талаптар ішінде Гонконгтың тәуелсіздігі мәселесі көтерілмеген.
2014 жылы «Қолшатыр қозғалысының» Гонконг халқы үшін жалпыға бірдей сайлау құқығы бойынша өкілі, «Гонконг консенсусы» демократиялық партиясының бас хатшысы Хуаң Жыфың және қазіргі қозғалыс жетекшілері VOA агенттіне берген сұхбатында, олардың мақсаты «Гонконг тәуелсіздігі» емес екенін, бұған дейінгі және қазіргі қозғалыстарда бұндай ұранның көтерілмегенін, тіпті өздерінің де «Гонконг тәуелсіздігін» жақтамайтынын жеткізеді.
Бірақ, Гонконг дербестігін қолдаушы саяси партиялар да бар екені белгілі. Айталық, Гонконг ұлттық партиясының басты ұстанымы Гонконг дербестігі үшін күресу. Алайда, бұл партия 2016 жылы құрылған болып, екі жылдан кейін Гонконг үкіметі аталған партияның әрекетіне тыйым салған. Гонконг ұлттық партиясы билік жағынан шектеуге ұшырағанымен, партия мүшелері әлеуметтік желілер арқылы тәуелсіздік туралы көзқарастарын ашық жария етіп келеді.
Гонконгтағы саяси сарапшылардың бірі Мэй Янтиң Гонконг мәселесі туралы пікірінде, ГҰП-ның тәуелсіздік туралы ұрандарының қала тұрғындарына барған сайын кең әсерін тигізіп жатқанын, егер Бейжің мен Гонконг үкіметі қазіргідей тек қоғамдық пікірді тұншықтыруды жалғастыра берсе «Гонконг тәуелсіздігі» ұраны арта түсетінін ескерткен.
Бірақ, Қытай Коммунистік партиясының түсінігі бойынша, «Гонконг жолы» ұраны «Гонконгтың ұстанымын анықтау ма», әлде «Гонконг тәуелсіздігі ме» бәрі бір, ереуілдерді өзінің билігіне қарсы қауіпті әрекет ретінде қарайтыны белгілі. Қытайдың жоғары билік өкілдері «Гонконг жолы» ұстанымының Конституцияны бұзатынын, дербестік талаптарымен бірдей қарастырылатынын алға тартты. Бұл да болса Бейжіңнің Гонконг мәселесіне қаратқан ұстанымы деуге болады. «Гонконг жолын» «Гонконг тәуелсіздігіне» бұрмалау, әлде қандай бір әрекеттерге жеткілікті сылтау іздеп жатқанға көбірек ұқсайды.