24 тамыз «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығында өткен «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жуырда 9 миллионға дейін турист келе алатынын мәлімдеді.
Ақорда Баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент Тоқаев «Біз салалық мемлекеттік бағдарламаны қабылдадық. Оны толық жүзеге асыру туризм үлесін ЖІӨ-дегі 8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Келушілердің саны 9 миллионға дейін, ал ішкі туристердің саны 8 миллионға дейін өсуі тиіс. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың санын 650 мың адамға жеткізу керек», – деген twitter парақшасында.
Форумда сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы «Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс», – деді. Сондай-ақ Жошы ханның кесенесін этномәдени турнысанға айналдыру қажеттігін айтқан президент бірқатар өз ұсыныстарымен бөлісті.
– Көптеген шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақүйлер, курорттар сияқты әмбебап дүниелер жалықтырды. Оларды әртүрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар, – деді ол.
Қазіргі таңда республика бойынша «ҚР-дағы туристік қызмет туралы» заңы аясында 512 турагенттік жұмыс жасайды. Әлемнің көптеген елдерінің даму векторына айналған туризм индустриясы бізде әлі жүйеленіп, жолға қойылмағандығы белгілі. Тоқаев тоғызыншы территорияның туристік әлеуеті мен оны дамытудың міндеттері туралы айта отырып, салалық кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығын сөз етті.
– Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей алатын білікті кадрларды дайындауымыз қажет, – деді президент.
Елімізде ерекше қорғауға алынған табиғи территориялары республиканың 9 % аумағын, яғни 24,7 миллион. гектарды қамтиды. Аталмыш табиғи ресурстар қорын сақтау-қорғауға алынған аймақта 13 Ұлттық парк кешендері бар. Олардың қызметі тиісті заң негізінде іске асырылады. Статистикалық мәлімет бойынша, ұлттық парктерде жыл сайын демалатын туристер саны шамамен 8% құрайды. 2018 жылғы мәлімет бойынша 1,3 миллион халық демалысын ұлттық парктерде өткізген.