20 тамыз, сейсенбі ҚР-ның президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіндегі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты лауазымынан босатылып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін ертеңгілік Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтіп, депутаттар Үкімет басшысының орынбасары лауазымына тағайындау үшін Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына бірауыздан келісім берген.
Елге белгілі 66 жастағы Бердібек Мәшбекұлы САПАРБАЕВ 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор деген ғылыми мәртебесі бар. 1977 жылы экономист ретінде мемлекеттік карьерасын бастаған Б.Сапарбаев ұзақ жылдар бойы басқарма-бөлім басшылығында, төрағалықта, әкімдікте қызмет етіп келеді.
Биылғы қыс ауасында астанадағы бес бүлдіршіннің өрт ішінде көз жұмған қайғылы оқиғадан кейін ел ішіндегі асқынған әлеуметтік жараның аузы ашылып, қоғамдық резонанс бұқараның қарсылық көңіл-күйін тудырған еді. Сол кезде 2018 жылдың 9 ақпанынан 2019 жылдың 25 ақпанына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мадина Әбілқасымова «аналарды миллионерге» теңеп, қоғам тарапынан жиі сынға ұшыраған еді. Жыл басында Үкіметтің таратылып, тек шенділер лауазымын ауыстырып «қайта құрылған» кезден, яғни ақпан айынан бері Б.Сапарбаев Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келеді.
Сапарбаев тұсында астана мен аймақтарда ондаған көпбалалы аналар наразылық жиындары болып, министр өзі тікелей диалогқа түсуге тырысқан еді. Сарапшылар 21 мың теңгені тиісті тұлғаларға үлестіруде мөлдір әрі жүйелі алгоритмнің дұрыс құрылмағандығын айтады.