Өзбекстан экс-ханшайымы Гүлнара Кәрімованың үстінен тығы бір қылмыстық іс қозғалды.

Өзбекстан Бас прокуратурасы таратқан мәлімет бойынша, Гүлнара Кәрімова мемлекеттің иелігіндегі екі цемент зауытын арзан бағаға сатып алып, кейіннен оны шетелдік компанияларға сатқан деген күдікке ілінген. Айыптаушы тараптың мәліметінше, «экс-ханшайым» сатып алушылардың заңсыз әрекеттерін жасырып, оларды қорғаштау арқылы мемлекетке аса ірі көлемде зиян алып келген. Бұдан бөлек Кәрімоваға «өзгенің мүлкін күшпен иемдену» бабы бойынша да айып тағылған.

«Гүлнара Кәрімова өзге азаматтар мен компанияларға тиесілі мүліктерді күш көрсетемін деп қорқытып, өзіне тиесілі компаниялардың иелігіне өткізуге мәжбүрледі» - делінген Бас прокуратура таратқан мәлімдемеде.

2015 жылы Ташкент соты Кәрімованы мемлекет қаржысын талан-таражға салды және салық төлеуден жалтарды деген айыппен бес жылға соттаған. Кейіннен Кәрімованың үстінен жемқорлық, аса ірі көлемде пара алу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2017 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Әкесі Ислам Кәрімовтың көзі тірі кезінде Гүлнара Кәрімова Өзбекстандағы беделді саясаткерлердің бірі болған. Оның саяси болашағына көпшілік «әкесінің орнын басатын мұрагер» деген баға берген.

"The Qazaq Times"