Соңғы үш ай ішінде Гонконг тақырыбы өзіне аударып келеді. Бейжің наразылықтарды «қатерлі деңгейге» көтерілгенін, наразыларды террористермен салыстырған еді. Осы уақытқа дейінгі аралықта наразылар өздерін барынша бейбіт жолды көздейтін азаматтық қоғам позициясында көрсетіп келеді. Бірақ көптеген дәйек материалдарды алға тартар болсақ, Гонконг үкіметінің құқықтық құрылымдары протестерді күшпен таратуға тырысатынына көз жеткізуге болады. Саси сарапшылардың «экстрадициялау туралы заң жобасына қарсы басталған бұл митингтердің мақсаты Гонконгтің болашақ бостандығын талап етуіне ұласуы мүмкін» деген болжамды тұжырымдары қазіргі картиналарға сәйкес келеді. Қаланың кейбір аудандарында бірнеше мәрте «Гонконгті босатыңдар», «Гонконг үшін бостандық», «Біз бүлікші емеспіз» деген ұрандармен митинг-шерулер өткен еді.

14 тамыз кешкілік АҚШ президенті Дональд Трамп дағдарыс жағдайындағы Гонконг маңындағы қиындықтардың шешімін табу нұсқаларын талқылау мақсатында Қытай басшысы Ши Жинпиңмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

 

Трамптың твиттер парақшасында жазған ұсыныс мәлімдемесі. Фото: @realDonaldTrump

Трамп бұл туралы өзінің твиттер парақшасында хабарлады: «Егер президент Ши Гонконг мәселесін тез әрі адамгершілік тұрғысында шешкісі келсе, ол мұны істей алады. Бұған менің еш күмәнім жоқ. Жеке кездесу?». Твиттердегі келесі хабарламасында Дональд Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын шешудің алдын ала шарты – Қытай билігі Гонконгқа «адам сияқты» қарауын, ізгілік қарым-қатынасында болуын талап еткен.

Кеше 13:00  шамасында қаржы орталығы көшесінде наразылар мен полиция қызметкерлері тағы да қақтығысып, жедел іс-қимыл ретінде құқық қорғау органдары көз жасауратқыш газ атқан. Демонстранттардың бейбіт талабына осылайша жауыздық сипатта тез  реакция білдіруі әлемдік құқықтық ұйымдар мен адам құқықтары басты приоритетіне айналған дамыған елдер тарапынан сынға ұшырауда.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Гонконгқа жақын жердегі әскерилендірілген Қытай полициясы бөлімшелерінің маңында азматтардың жүріп-тұруына «өз алаңдаушылығын» білдіріп үлгерді. «Америка үні» агенттігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні жарияланған спутниктік суреттерден Гонконгпен шекаралас Шэньчжэнь қаласының стадионында әскери техниканың көп шоғырлануы көруге болады.

2047 жылы ҚХР құрамына толықтай өтуі тиіс Гонконг автономды аймағына заң бойынша билік арнайы көмек сұрамайынша Бейжің ешқандай әскер кіргізе алмайды. Он аптадан бері Гонконгтың он мыңдаған азаматтары «Тұтқындарды Қытайға экстрадициялау туралы» заң жобасына наразылық танытып, шерулерде ұсталғандарды босатуын, күш қолданған полиция қызметкерлерінің жазалануы мен ел басшысы Кэрри Ламның отставкаға кетуін талап етуде.

“The Qazaq Times”