Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар Қазақстен ен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты талқылап, қазақ-қырғыз байланысын одан ары арттыру туралы сөз еткен. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас қырғыз халқына бейбітшілік, тыныштық және береке тіледі.
7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция бастаған. Операция кезінде тараптар бір-біріне резеңке оқ атып, салдарынан арнайы жасақ өкілі қаза тапты. 45 адам ауруханаға түсті. Бірінші операция нәтижесіз аяқталған соң, 8 тамыз түстен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы екінші оперцияны бастаған. Қой-Таштағы резиденцияда болған операция кезінде бұрынғы президенті Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне өз еркімен берілді.
Осы жағдайға байланысты пікір білдірген президент Тоқаев Қырғызстандағы оқиғаны көрші елдің ішкі шаруасы деп санайтынын айтқан болатын. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде: «Қазақстан президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді», – делінген.