Нұр-Сұлтанда 1-2 тамыз аралығында өткен ХІІІ Сүрия мәселесі бойынша келіссөз мәресіне жетті. Нәтижесінде астана процесінің кепіл елдері Идлибтегі бейбіт халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін нақты шара қабылдау туралы шешімге келген.
Келіссөздер барысында астана процесінің кепіл елдері – Түркия, Ресей және Иран делегациясы Сүриядағы қақтығысқа тосқауыл болу, Идлибтегі хал-ахуал, тұтқындарды босату, бейбіт тұрғындар өмірі сынды мәселелерді талқылаған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, тараптар Сүрияның конституциялық комитетін құру мәселесіне баса назар аударған. Сонымен қатар, Идлиб бойынша барлық келісім орындалуы тиіс дейді делегация өкілдері. Ең алдымен, 2018 жылғы меморандум сақталуы қажет (Идлибте демилитаризацияланған аумақ құру туралы келісім).
Осыған дейін Ресей мен Түркия қорғаныс министрлері Сочиде кездесіп, Идлиб деэскалация аумағындағы ахуалды тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойған және Идлиб демилитаризацияланған аумағын құруға келіскен болатын.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің өкілі Роман Василенко: «Астана процесінің аясында өткен 13-ші кездесудің қорытындысына қанағаттанып отырмыз, себебі бұл – Сүрияда бейбітшілік орнату үшін жан-жақты күш жұмсаудың маңызды бөлігі. Бүгінгі жоғары деңгейлі кездесу – кепіл елдердің қосқан елеулі үлесі», – деп мәлімдеді.
2011 жылы Сүрияда қарулы қақтығыс басталғалы бері астанада Сүрия мәселесін реттеу жөніндегі келіссөз жеті мәрте ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан келіссөзіне қолдау көрсетуші елдердің арқасында, Сүриядағы қақтығыс уақытша тоқтатылды. Ресей, Иран және Түркия аталған мәселе жөніндегі келісімшартты орындаушы кепілгер-елдер саналады.
2017 жылы қаңтар, ақпан, наурыз, мамыр айларында Сүрия дағдарысына байланысты төрт рет кездесу өтті. Нәтижесінде келіссөзге қатысушы тараптар Сүрия жерінде қауіпсіз аумақтар құруға байланысты мәмлеге келген.