Ресей президенті Владимир Путин бірінші рет Украина президентімен телефон арқылы сөйлесті.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, екі ел басшылары Украинадағы қақтығыс аймақтары, Керш бұғазындағы жағдай мен дипломатиялық байланысты талқылаған. Зеленский тарабынан айтылған негізгі әңгіме – Мәскеудің украин теңізшілерін соттауы. Сонымен қатар, Путин мен Зеленский Ресейдегі украин азаматтарының еліне оралуы, алдағы күндері Батыс көшбасшыларымен бірге жаңа форматтағы кездесу ұйымдастыруды талқыға салған.

Осыған дейін «Россия 24» және украиндық NewsOne телеарналары бірігіп ел тұрғындары арасында диалог ұйымдастыру мақсатында телекөпір өткізілетінін хабарлаған. Алайда, бастама саяси тұрғыдағы сыни пікірлерге байланысты өтпейтін болды. Сонымен қатар, 8 шілдеде Владимир Путин италиялық басылымға сұхбат беріп, Ресей Еуроодақпен толық форматты қарым-қатынастарды қалпына келтіріп, Украинамен ашық диалог жүргізуге дайын деп мәлімдеген. Ал 9 шілдеде украин президенті Ресей президенті Владимир Путинді Еуропа елдерінің басшылары бас қосатын жаңа форматтағы кездесуде пікірсайыс өткізуге шақырған. Пікірсайысқа АҚШ президенті Дональд Трамп, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон және Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй шақырылып, кездесу Мискте өтеді деп жоспарланған. Дегенмен, ресми Кремль бұған қатысты нақты жауап берген жоқ.

Айта кетейік, 25 қарашада Ресей Керш бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Артынша Мәскеу 20-ға жуық украин теңізшілерін қамауға алды. Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Ал Мәскеу украиндық кемелер Ресей шекарасын бұзды деп айыптады. Әзірше, бұл жағдай да екі ел арасындағы шешімін таппаған кезекті текетірес ретіде қалып отыр.

 

"The Qazaq Times"