Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді Еуропа елдерінің басшылары бас қосатын жаңа форматтағы кездесуде пікірсайыс өткізуге шақырды. Бұл туралы украин президентінің ресми сайтында мәлім болды.
Зеленский сөзінде: «Сөйлесу керек болса, сөйлесейік. Қырымның кімге тиесілі екенін, Донбасста кімдердің жоқтығын талқылайық. Кездесуге мен, Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп, Ұлыбритания премьері Тереза Мэй, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрондар келсе деген ұсыныс бар. Өтетін орны? Меніңше, Александр Григорьевич Лукашенко Минскіде бізді қуана қарсы алады», – деп мәлімдеді. Зеленскийдің бұл бастамасына Беларусь президенті Александр Лукашенко қолдау білдіріп отыр. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің алдағы күндері жауап беретінін айтты.
Осыған дейін «Россия 24» және украиндық NewsOne телеарналары бірігіп ел тұрғындары арасында диалог ұйымдастыру мақсатында телекөпір өткізілетінін хабарлаған. Алайда, бастама саяси тұрғыдағы сыни пікірлерге байланысты өтпейтін болды. Сонымен қатар, 8 шілдеде Владимир Путин италиялық басылымға сұхбат беріп, «Украина президенті болып Владимир Зеленский сайланғаннан кейін Мәскеу мен Киев қарым-қатынасын жақсарту мүмкін бе?» деген сұраққа Путин «бұл үшін Украина басшысы сайлау алдындағы уәдесін орындауы тиіс» деп жауап берді. «Зеленский Донбасста өз отандастарымен тікелей байланыс орнатуды және оларды сепаратист деп атауды тоқтатуы керек» деді Ресей президенті. Сонымен қатар, Путин Ресей Еуроодақпен толық форматты қарым-қатынастарды қалпына келтіріп, Украинамен ашық диалог жүргізуге дайын деп мәлімдеген.