Қазақстанның 3 облысы мен бір қаласында Конго-Қырым гемморагиялық қызбасының табиғи ошағы тіркелген.

Бұл жайлы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин арнайы брифинг барысында мәлімдеді. Ж.Бекшиннің айтуынша, аталған оба белгілері Жамбыл облысы, Түркістан, Қызылорда, Шымкенттен байқалған. Өз сөзінде ол: «Қазақстанда оба, туляремия сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Ал Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасының ошақтары анықталды. Қазақстанның барлық облыстарында күйдіргі, кене энцефалиті, құтыру сияқты қауіпті індеттердің қолайсыз стационарлық пунктері бар. Былтыр Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданында сібір жарасының ошағы шығып, бір адам көз жұмған болатын. Кейін ауру бұрынғы мал қорымынан шыққаны анықталған. Биыл Шығыс Қазақстанда сібір жарасының қаупі жоқ. Есесіне, Түркістан облысында бір ошақ анықталып отыр», – деп мәлімдеді.

Қауіпті обаларды көбінесе шетелге шыққан қазақстандық туристер жұқтырады. Оба жұғуы мүмкін елдер қатарныда Мадагаскар аралы, Тайланд, Африка, Сингапур, Бразилия, Үндістан, Вьетнам бар. Мәліметтер бойынша, былтыр әлем елдері бойынша 300 мың тырысқақ тіркеліп, 900 адам өлген. 200-ден астам күйдіргі, 500-ге жуық Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, 200-ден астам сары қызба, 300 мыңға жуық денге қызбасы тіркелген. Ал Қазақстанда соңғы екі жылда Тайланд, Үндістан, Сингапур және Вьетнам елдерінен Конго қызбасының тасымалдануы 10 рет,  денге қызбасының тасымалдануы 9 рет тіркелген.

"The Qazaq Times"