Бүгін Алматы қаласындағы Азаматтық орталықта (Civil Center Almaty) БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған терроризм, экстремизм және оған қарсы күрес тақырыбында семинар өтті.
«Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры жағынан ұйымдастырылған шараға Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы қолдаушылық еткенін айта кетейік.
Дін, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша БАҚ өкілдеріне және блогерлерге арналған ақпараттық және оқыту семинарын аталған зерттеу орталығының жетекшісі Кәкімжан Бишманов пен теолог-исламтанушы Асқар Сабдин жүргізді.
Қазақ ұлттық университетінің профессоры Кәкімжан Мұратжанұлы семинардың мақсаты мен міндеттерін, БАҚ өкілдерінің дін, діни экстремизм тақырыптарын, соған қатысты ұғымдарды жеттік білуінің маңызы туралы тоқталып, семинар сабағын бастап ашты. Ары қарай «Нұр-Мүбарк» университетінің жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даяарлау институтының директоры Асқар Қалижанұлы Ислам дініндегі діни ағымдар, терроризм мен діни-себептемелі экстремизмге қарсы іс-қимылдар турасындағы лекциясын жүргізді.
Семинар соңында қатысушылар өз сұрақтарын ортаға салды және шараға белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар таратылды.
БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған экстремизм, терроризм және оған қарсы іс-қимылдар тақырыбындағы аталмыш семинар осымен үшінші күн жалғасып отыр. Алдағы уақытта (9-10 шілде) күндері орыс тілді журналистерге арналған семинар жалғаспақ.