Германия Федералды әділет департаменті Facebook компаниясына 2 млн еуро (900 млн теңгеге жуық) көлемінде айыппұл салды. Компанияны әлеуметтік желідегі заңсыз жарияланымдарға қатысты пайдаланушылардың шағымдары туралы есебі толық емес деп айыптап отыр.
Германияда 2018 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік желілердің мазмұнын бақылауға міндеттейтін заң бар. Аталған заң бойынша, әлеуметтік желі әкімшілігі 24 сағат ішінде заңсыз жарияланған постты өшіріп, 48 сағат ішінде қолданушы шағымдарына жауап беруге тиісті деп міндеттелген.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер әр 6 ай сайын заңсыз жарияланған посттарға қатысты пайдаланушылардың шағымдары бойынша жасалған жұмыс туралы есеп беруі керек. Осы орайда, Facebook компаниясы ұсынған есеп толық емес дейді Германия Федералды әділет департаменті. Атап айтқанда, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында тек қана 886 өтініш жасалған, сонымен қатар, әлеуметтік желі әкімшілігінің жасалған шағымдар бойынша қабылдаған шаралары туралы да ақпараттың жеткіліксіздігі себеп болған.
Айта кетейік, өткен жылдың басында Facebook компаниясы үлкен дауға қалған. Оған Кембридж Аналитиканың Facebook-тің 87 миллион қолданушысының жеке деректерін заңсыз пайдалануы себеп болды. Осы жанжалға байланысты Ұлыбритания да Facebook компаниясына айыппұл салған еді. Кейін ол мәліметтер Дональд Трамптың 2016 жылғы сайлауалды науқанында пайдаланылғандығы белгілі болды. Ал, сол жылдың көктемінде Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг АҚШ Конгресінде және Еуропарламентте қатесін мойындап, деректердің қолды болғаны үшін кешірім сұрады.