Орта-Шығыстың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы аса қиын күйде. Бұл Иран жағдайына тікелей қатысты, нақтырақ айтқанда АҚШ-Иран қайшылығына. Екі апта бұрын Иран қарулы күштері АҚШ-қа тиесілі дронды атып түсірсе, осы аптада төмен байытылған уран қорын 2015 жылы 6 елмен қол қойысқан келісім шегінен асырды.  

Орта-Шығыс тұрақтылығына қауіп төндіріп отырған бір ғана Иранның әрекеттері емес. АҚШ-тың кейбір қадамдары да тұрақтылық пен келісімге кері әсерін етуде. Өткен айда АҚШ Қорғаныс министрлігі Иранның барған сайын артып келе жатқан агрессивті әрекеттеріне қарсы тұру үшін Орта-Шығысқа қосымша 1000 әскер жіберді және өңірдегі әскери күштерін дайындық күйге келтірді.

АҚШ-тың қорғаныс өкілдері мен бірқатар қауіпсіздік кеңесшілері Иран әрекеттеріне әскери күшпен жауап беру туралы ұсыныстарды да ортаға салған. Бірақ, Ақ үй қазірге әскери шабуыл туралы шешім шығара қойған жоқ. АҚШ Ұлттық әскери академиясының профессоры Бернар Коул америкалық басылымдарға берген сұхбатында, Құрама Штаттар үшін Иран мәселесі ең басты күн тәртіпте болуы керек екенін айтқан. Ол сөзінде: «Қазір Парсы шығанағындағы және Араб теңізінің солтүстігіндегі АҚШ әскери күштерінің жағдайы бізді қатты алаңдатады», – дейді.

Былтыр жарияланған АҚШ-тың қорғаныс стратегиясы ірі елдерге қарсы бәсекеге көбірек бағытталған еді. Әрі, қорғаныс стратегиясында Қытайды артып келе жатқан қауіпіне қарсы тұру мәселесі де қарастырылған. Бұл қатарда Ресейдің әуелден бар екені белгілі. Қорғаныс саласының бірқатар мамандары қазіргі жағдай АҚШ-ты қорғаныс стратегиясына жаңа өзгерістер енгізуге итермелейді деп санайды. Себебі, Иран қайшылығының артуы Үнді-Тынық мұхитындағы АҚШ әскери күштерінің назарын Орта-Шығысқа аударып отыр. Бұл өз ретінде Тынық мұхиттағы Қытайдың ықпалына қарсы күресті әлсіретеді деп алаңдайды.

АҚШ-тың әскери зерттеу орталықтарының есебінде, Құрама Штат әлемнің белігілі бір аймағында ауқымды қақтығыстар мен қауіпке қарсы күресте қуатты күшін көрсете алған. Алайда, бір уақытта екі аймақтағы қауіпке қарсы күресу қиынға соғады.

Heritage Foundation ұйымының Азия зерттеу орталығы директоры Уолтер Лохман да АҚШ-тың Иран мен Қытайға бірдей қарсы тұру мүмкіндігіне байланысты алаңдаушылық білдірген. Ол сөзінде: «Бізге Америка Құрама Штаттарының жаһандық мүдделерін қорғайтын армия керек.  Heritage Foundation жасаған зерттеу нәтижесіне қарағанда, қазір АҚШ армиясының Қытай мен Иранға бірдей қарсы тұратын қуаты жоқ. Немесе, бұған әлі дайын емес» , – деген.

Бірақ, Пентагон шенділері олай ойламайды. Пентагонның Үнді-Тынық мұхит аймағы жөніндегі көмекшісі Рэнди Шривер АҚШ бір уақытта екі елдің қаупіне қарсы күресе алды деп санайды. Оның айтуынша, Үнді-Тынық мұхит аймағы АҚШ-тың осы аймақтағы әскери күштері үшін ғана емес, тұтас Құрама Штат қорғаныс күштері үшін де маңызды.  Сондықтан да, АҚШ күштері қажет болған жағдайда, Иранның әскери арандатуына қарсы күресуімен бірге, Тынық мұхит аймағының қауіпсіздігіне де күш сала алады.

«Біз қаламасақ та, президент осы ұстанымды бекітіп отыр. Біз бұған мүдделі болмасақ деп үміттенеміз. Бірақ, бізге осы ұстаныммен әрекет ету керек болған жағдайда, мен осы қиындықтың екеуіне де қарсы тұра алатынымызға сенімдімін», – дейді Рэнди Шривер.

 

“The Qazaq Times”