Ресейдің Екатеринбург қаласында сол елдегі қырғыз диаспорасының бұрынғы лидері саналатын, ықпалды кәсіпкер Қамшыбек Каримовты (Камчыбек Каримов) белгісіз біреулер атып кетті. Бұл туралы Қырғызстан мен ресейлік басылымдар жазуда.

Оқиға кеше, 2 маусым 15:00 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, Volkswagen Touareg көлігін мінген белгісіз екі адам Каримовты Калинин көшесіндегі өз үйінің жанында атып кеткен.

Қазір тергеу комитеті мен құқық қорғаушылар тергеу жұмыстарын бастап кеткен. Мәліметтерге қарағанда, шабуылға ұшыраған кезде Каримовтың жанында сөмке салынған жоғары сомадағы ақша болған. Бірақ, қастандық жасаушылар сөмке толы ақшаны сол күйінде қалдырған.

«Біз оның сөмке толы мол ақшаны алып қалай жалғыз жүргенін түсінбедік. Ол көлігінен түсіп үйіне қарай жүре бергенде қарақшылар қол салған. Сол кезде оның жанында ешкім болмаған», – дейді қырғыз кәсіпкерінің көмекшісі Құрмет Құрманбаев (Урмат Курманбаев).

Өзіне шабуыл жасалған кезде Каримов өзін қорғап қарсылық көрсеткен. Куәгерлердің айтуынша, қол салушылар екі-үш мәрте оқ атып, артынша көліктеріне отырып із суытқан.

Қамшыбек Каримов Ош қаласының Қара-су ауданында туған. Ресейде жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Көп жылдар бойы Екатеринбургтегі қырғыз ұйымдарына жетекшілік еткен. Жерлестері оның мигранттарға көмек қолын созып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан азамат екенін айтады. Аталған қаладағы және Ресейдегі көптеген ЖОО-дағы қырғыз студенттері де оның жомарттығын көбірек әңгіме етеді. 54 жастағы Каримовтың артында 3 баласы мен жары қалған.

“The Qazaq Times”