Маусымның соңғы күні, 30-ы күндіз сағат 10:00-12:00 аралығында Алматы қаласында Сарыарқа кинотеатрының артында санкциялаған бейбіт митинг болып өтті. Калинин ескерткішінің маңына жиналған жұртқа ұйымдастырушылар жол нұсқап, арнайы «Митингтегі мінез-құлық ережелері» жадынамасы мен «әні Ш.Қалдаяқов, сөзі Ж.Нәжімеденов» деп көрсетілген «Менің Қазақстаным» әнінің түпнұсқа мәтін парақшалары таратылды. Осыған дейін 25 маусым азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Алматы қаласы әкімдігіне 36-шы рет жазған өтініші қанағаттандырылып, әкімдік бейбіт жиын өткізуге рұқсат бергенін хабарлаған болатын. Сәйкесінше бүгін жиын модераторы ретінде Әлнұр Ильяшовтың өзі сөйлеушілерге сөз беріп тұрды.
Көпшілік алдына шыққан белгілі азамат, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы елді «алғашқы митингпен» құттықтайтынын, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата «Ақсақал, 30 жыл бойы халық мойнына мініп келдіңіз. Енді халық мойнынан түсіңіз, биліктен толық кетіңіз. Өзіңіздің режиміңізді өзіңізбен бірге ала кетіңіз дейміз» деп пікір білдірді.
Желтоқсаншы, өнертанушы Хасен Қожа-Ахмет ел азаматтарын «жалынышты қорғаншылық» позицияда болмауға, керісінше «шабуылда» болуға үндеді. «Нағыз диктатураға жол ашқан Конституцияны жоюымыз керек» деген спикер Хасен мырза арнайы мамандармен жаңа Заң жобалары жазылып жатқанын, оны ашық талқыға халық алдында жариялайтынын, өздері берген мерзім бойынша билікке жолданған заңдар қабылданбаған жағдайда және қытайлық 51 өндіріс орындарының орналасу картасы ашық айтылмаса «онда күзде бүкілхалықтық митингіге шақырамыз» деді. Экономист Айман Тұрсынхан да Қазақстанға жаңа Конституция қажеттігі туралы айтты.
«Ақиқат» ЖСДП партиясының төрағасы Ермұрат Бәпи азаматтық қоғамға «Біз биліктің қолындағы қуыршағына айналмауымыз керек», «Назарбаевтың билігі тұрған кезде ешқандай әділдік болмайды» дей келе «қоғамдық күрес» пен «акцент» мәні ретінде түсіндірді.
Сондай-ақ белсенді журналист Гүлжан Ерғалиева мұндай маңызды шараның орталық бөлікте өту керектігі жайлы, экономист Айдар Алибаев «саяси талаптардың нақтылануы», белсенді Қ.Сейітхан белсенділердің алаяқтықпен аластатылуы, құқық қорғаушы М.Аспандиярова негізгі талаптар тізімі туралы сөз сөйледі. «Шындықтан қашып құтыла алмайсың» акциясының негізгі бастамашысы Ася Төлесова өткізіліп жатқан митингтің өзі биліктің «шындықтан қашып құтыла алмайтынын түсінгенінің» көрсеткіші деп түсінгенін айтты. Кейбір басу айтпақ болған сөйлеушілерді азаматтар у-шу шығару арқылы тыңдамайтындығын байқатып отырды.
Зейнеткер-ақсақал азамат бірінші президент Н.Ә.Назарбаевқа өзінің төрт жас үлкендігін айтып «Егер, шәйнек қатты қайнағанда қақпағын ашпаса, жарылмай ма? Нұреке, өз халқыңнан кешірім сұрап, орыннан кету керек. Жаңа президентке мүмкіндік беру керек, менің сондай өтінішім бар, бүкіл халықтың өтініші деп білем» деп өз «тілегін» айтты.
Жиында 30-ға жуық спикер өз пікірін еркін білдіріп жатты. «Саяси тұтқындарға бостандық», «Арыс оқиғасы», «Жүйеге реформа», «Сайлау талаптары», «Парламентарлы басқару жүйесі», «Кәсіподақтардың қорғау қызметі», «Партиялардың шынайы қызметі», «Сот әділдігі», «Шетелдік жұмыс күші», «БАҚ-қа мереке емес, сөз еркіндігі керек», «Атырау-Теңіздегі толқу», «Бес бүлдіршін өлімі», «Сайлаудағы фальсификациямен күрес», «Астана атауының өзгеруі», «Жер мәселесі» тақырыптары көтерілген жиында саяси ән де орындалды.
Бірнеше жүздеген азамат қатысқан митингтің жоспарланған тақырыбы «Митинг өткізу туралы митинг» болатын, бірақ бүгін көптеген тақырып сөз болды. Митинг өткізілген аймақта он шақты полиция газельдері, бір өрт сөндірушілер көлік-экипажы, төрт-бес жол полициясы эвакуаторлары байқалды. Митингті ұйымдастырушы белсенділер «Қазір болмаса қашан?», «Өзгеріспен келіс», «Қорықпай шеруге шық!», «Әкімдерді халық сайлауға құқылы», «Бейбіт шеру үшін емес рұқсат қажет емес», «Алтынбек Сәрсенбаевты еске алу» деген лозунг-ұрандарын көтеріп жүрді.
Сағат 12-ден асқанда азаматтар өздігінен бейбіт түрде тарай бастады. Осы уақытқа дейін қазақстандықтар бірнеше рет санкцияланбаған митингтерге қатысқаны үшін ұсталып, әртүрлі әкімшілік жазаларға тартылған еді. Бұл жиын қазіргі ресми екінші президент Қ.Тоқаевтың Euronews арнасына берген сұқбатынан кейінгі Алматы және Нұр-Сұлтан (бұр. Астана) қалаларындағы алғашқы «рұқсат етілген» митинг ретінде белгілі болмақ.
Калинин мен Ленин ескерткіштерінің маңында дабырласқан жұртты үстінен тоқ желілеріне қонған жүздеген көгершін бақылап отырды.