Ресей президенті Владимир Путин «Үлкен жиырмалық» саммиті қарсаңында британдық «Financial Times» басылымына сұхбат берді. Сұхбатта алдағы саммит, Ресейдің АҚШ және Қытаймен қарым-қатынасы, Сүриядағы операциялар және Сергей Скрипальдің Солсбериде улануы сынды әлемдік саясаттағы өзекті тақырыптар талқыланған. Осыған байланысты төменде Владимир Путиннің негізгі пікірлерін ұсынамыз (сұхбаттың толық нұсқасын ресми Кремль сайтынан оқи аласыздар).
Дональд Трамп саясаты
«Трамп мырза мансап қуалаған саясаткер емес. Өзінің әлемдегі жағдайларға қатысты жеке көзқарасы мен АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қарасты көзқарасы бар. Мен, мысалы, Трамптың проблемаларды шешудегі тәсілдерін құптамаймын. Бірақ, ол – талантты адам. Ол сайлаушы халықтың өзінен не күтіп тұрғанын жақсы біледі, сезінеді».
Қытай мен Ресей қарым-қатынасы
«Бізге еш нәрсеге қосылудың және өзгелерге қарсы саясат ұстанудың еш қажеті жоқ. Ресей мен Қытай бірлескен түрде ешкімге қарсы саясат ұстанбайды. Біз ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарларымызды іске асырудамыз. 2001 жылдан бастап жүзеге асырып, жүйелі түрде қадам басып келеміз».
Солтүстік Корея жайлы
«Солтүстік Кореяның қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан заңдарына, істеріне құрметпен қарау керек. Оған құрмет көрсете отырып, біздер де қауіпсіздікті сақтауға бағытталған осындай тәсілдерді табуымыз қажет. Егер бұл жоспар жүзеге асса, маған сеніңіз, ешкім күтпеген тосын жағдайлар орын алады».
Сүриядағы операция
«Біз күткендегіден де үлкен жетістікке қол жеткіздік. Біріншіден, Ресейге қайта оралуды жоспарлаған содырлардың көп саны жойылды, – әңгіме бірнеше мың адам туралы. Олар Ресейде немесе визалық режим жоқ көршілес елдерде бас сауғаламақ болды. Бұл біз үшін өте қауіпті.
Екіншіден, географиялық жағынан жақын өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға қол жеткіздік. Саясатта бұл да өте маңызды.
Үшіншіден, біз Ресейдің ел ішіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткіздік.
Төртіншіден, аймақтың барлық елдерімен жақсы, іскерлік қарым-қатынас орнаттық және Таяу Шығыстағы ұстанымымыз тұрақты болды. Біз шын мәнінде өте жақсы іскерлік, әріптестік байланысқа қол жеткіздік. Тек Иран мен Түркия ғана емес, аймақтың көптеген елдерімен одақтастық қарым-қатынас орнады».
Венесуэла дағдарысы
«Мен біздің америкалық серіктестерімізге бұл туралы бірнеше рет айттым: Венесуэлада біздің әскеріміз жоқ. Түсінесіз бе? Мамандар бар, нұсқаушылар бар, иә, олар жұмыс істейді. Бір апта бұрын ғана кеңесшілеріміз бен мамандарымыз сол жерден кетіп қалған. Біраз уақыттан кейін қайта оралуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай.
Венесуэламен арада белгілі бір уағдаластықтарымыз бар: ұшақтар кейде сол жерге ұшады, жаттығуға қатысады. Бары осы. Біз, не сонда, көтерілісшілердің әрекетін бақылап немесе президент Мадуро іс-қимылдарын басқарып отырмыз ба? Елді президент қана басқарады. Жақсы немесе жаман жағына келер болсақ, бұл тіптен басқа мәселе. Біз бұл мәселеге баға бермейміз».
Британиямен қарым-қатынас
«Менің ойымша, Ресей де, Ұлыбритания да қос тарап қарым-қатынасын толық форматта қалпына келтіруге мүдделі. Өз басым қандай да бір алғашқы қадамның жасалатынына үміттенемін. Мэй ханым лауазымынан кететін жариялады. Сондықтан ол қазір қандай да бір ішкі саяси салдарлар туралы ойламай, дұрыс, маңызды және қажет деп санайтын әрекеттерге қадам басуы тиіс».
Солсберидегі Скрипаль ісі
«Жалпы, сатқындық – жер бетіндегі ең үлкен қылмыс және сатқындар жазалануы тиіс. Солсбериде орын алған жағдай тәрізді жазалау керек деп айта алмаймын. Бірақ,сатқындар жазалануы керек.
Бұл мырза, яғни Скрипаль бұрын да жазаланған. Ол қамауға алынды, мерзімін өтеп, кетіп қалды. Ол жазаланды және ешқандай қызығушылық тудырмады. Дегенмен, сатқындар жазалануы тиіс. Сатқындық – елестетуге қиын ең ауыр қылмыс».
Ресейдегі олигархтар туралы
«Бізде олигархтар жоқ. Олигархтар – бұл өзінің билікке жақындығын пайдаланып, табыс табу үшін қызмет ететіндер. Бізде ірі, жеке компаниялар, мемлекетке қарайтын компаниялар бар. Бірақ мен билікке жақындау арқылы қандай да бір преференцияларды пайдаланатын ірі компанияларды білмеймін, бізде ондай іс жүзінде жоқ».
Мұрагер туралы
«Шынымды айтайын, мен 2000 жылдан бастап осы тақырып туралы ойланып келемін. Уақыт өткен сайын жағдай өзгереді, адамдарға деген талаптар да өзгереді. Сайып келгенде, шешімді Ресей халқы қабылдауы тиіс».
Либералдық идеялар туралы
«Мен бәрін дереу тарату, жабу, қирату, тұтқындау, қорлауды жақтаушылар қатарынан емеспін. Либералды идеяны жоюға болмайды, ол өмір сүруге құқылы. Бірақ, мұны абсолюттік үстемдікке құқылы деп санаудың қажеті жоқ. Осыны қаперде ұстау керек».