Гонконгта экстрадициялау туралы заңға түзетулер енгізуге қарсы жүздеген демонстрант тағы да шеруге шықты. Олар Жапонияның Осака қаласында өтетін G20 саммитіне қатысатын 19 елдің консулдық кеңселеріне барып, басшыларынан Қытайға қарсы қысым көрсетуді талап етті.
Наразылық білдірушілер АҚШ пен Ұлыбританияның консулдықтарына, сондай-ақ Еуропалық Одақтың офисіне барды. Олар аталған елдердің басшыларына арнайы хат жазып апарған. Мәселен, Трампқа арналған хатта: "Бізге осы авторитарлық режимге қарсы күресу үшін сіздердің көмектеріңіз аса қажет " делінген.
Сонымен қатар, наразылық білдірушілер 19 мемлекеттің, соның ішінде Аустралия, Канада және Жапонияның консулдықтарына өтініш берді. Келесі шеру сәрсенбі күні кешке жоспарланған.
Маршты ұйымдастырушы Вентус Лаудің айтуынша, шеруге 1500 адам қатысқан. Шерудің алдыңғы жағы консулдықтарға жетті, ал қалғаны саябақта қалды дейді ол.
Сондай-ақ, Гонконгтың іскерлік орталығындағы Chater Garden-ге де біраз адам жиналған. Олар "Гонконгты босатыңыз!" деп жазылған ақ жейде киіп, плакаттар ұстап, "Гонконгты босат!" деп ұрандады. Сондай-ақ, бір плакатта "Гонконгты Қытайдың колонизациясынан азат ет!" деп жазылған. Ал енді бірінде "Президент Трамп, Гонконгқа бостандық алып беріңізші" десе, келесі парақшада "Біздің арманымыз биік, қорқынышсыз өмір сүргіміз келеді. Қытайдың экстрадициялау саясатына "NO" деп айтыңыз!" делінген.
Шеруге шыққандар 16 маусымдағы митингте полицияның жүз мыңдаған адамды тарату үшін көз жасаурататын газ бен резеңке оқтарды пайдаланғанын айыптап отыр. "Бізде басқа таңдау жоқ. Билік біздің талаптарымызға құлақ аспады, сол себепті көмекті халықаралық қоғамнан іздейміз", - дейді Лау.
Айта кетейік, 16 маусымда Гонконгте 2 миллионға жуық адам наразылық шеруіне шыққан еді. Бұл Гонконг тарихында болмаған массалық наразылық акциясы. Кейін ел билігі арнайы мәлімдеме жасап, халқынан кешірім сұрады, жұрт наразы болған экстрадициялау туралы заң жобасын қабылдауды уақытша тоқтатып қойды.