Кеше, 18 қараша күні АҚШ, Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия және Британия қатарлы елдердің үкіметтері Қытайға қарата бірлескен мәлімдеме жасады. Олар Гонконг Парламентіндегі демократиялық заң шығарушылардың орнын қалпына келтіруді талап еткен.

Бірлескен мәлімдемені аталған елдердің Сыртқы істер министрліктері жасаған. Олар бір ауыздан Бейжіңнің Гонконгта «Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заң» жобасын енгізуі, Заң шығару кеңесін сайлауды кейінге қалдыруы, сондай-ақ Заң шығару кеңесіндегі демократтарды шеттетуі Қытайдың халықаралық келісімдерге сай міндеттерін бұзады деп ескерткен. Сондай-ақ, бұндай әрекеттер Гонконгтың еркіндігі мен жоғары деңгейдегі автономиялық статусын бұзады деген алаңдаушылықтарын жеткізген.

Сәрсенбіде Гонконг полициясы заң шығару кеңесінің бұрынғы 3 мүшесін қамауға алды. Гонконг бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы айларда көптеген демократиялық парламентшілер мен олардың көмекшілері қамауға алынған. Бірлескен мәлімдемеде Бежің Гонконгтың Заң шығару кеңесіндегі демократ топтарды мақсатты ығыстырып отыр деп айыптаған. Олар Гонконг тұрғындарының сайлау құқығын бұзбауға шақырған.

Бес елдің бірлескен мәлімдемесінде, Қытай орталық билігін Гонконг тұрғындарының азаматтық ой пікірін білдіру бостандығы құрметтеуге де шақырған. Бірақ, Қытайдың бұл әрекеттеріне қарсы қолданылатын қандай да бір шаралар туралы айтпаған.

Ашығын айту керек, Гонконг мәселесіне келгенде Британия бастап, АҚШ жақтап, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия секілді ағылшын елдері қостаған Қытайға қарсы қандай да бір ескерту, айыптау, санкциялау, т.б. әрекеттерінен кереметтей оң нәтижесі болған жоқ, болмайтындай. Керісінше, Қытай билігі барған сайын Гонконгтағы тегеурінін қатайтып, миллиондаған демонстрантардың наразылық шарасын басып тастады.  Демократиян қорғаушы, қуаттаушы аталмыш елдер Бейжіңнің авторитарлық жүйесінің алдында әлсіздік танытқаны жасырын емес.

“The Qazaq Times”