Тайланд астанасы Бангкок та ASEAN-ға* мүше елдердің лидерлері ұйымның 34-ші кезекті саммитін өткізген болатын. Жиында ұйым мүшелері аймақтық экономикалық және қауіпсіздік ынтымақтастығын нығайтуға келісті. Бұдан да маңыздысы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жалпы қатынасты реттеу туралы ортақ пікірге келді. Ол үшін жылдың соңына дейін Оңтүстік Қытай теңізі мәселесіндегі ортақ кодекс және аймақтық кешенді экономикалық серіктестік құру туралы консенсусқа қол жеткізуге уағдаласып қайтты.
Алыстағы оңтүстік-шығыс азиялық елдердің бұл қадамы біздің назарды аударатын өзіндік себебі бар. Ашығын айтқанда, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бұл қадамы Қытайға қарсы біріккен шеп құру деп қарауға болады. (Бұның алыс ұлы құрлықтағы бізге болған ықпалына соңына қарай тоқтала кетеміз). Олар (ASEAN) Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі бойынша Қытай билігімен «Шиеленіс және апаттар қаупін азайту, түсінбеушіліктерді және дұрыс емес шешімдерді азайту» деген ұстанымды көзде ұстай отырып диалогты тез арада аяқтатуға тырысуда.
Жиналыста жарияланған ортақ декларацияда: «Біз ASEAN мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты үнемі жетілдіріп отыруды жылы қабылдаймыз және келісімді мерзімінен бұрын аяқталу үшін нақты келіссөздерде қол жеткізілген прогресті негіз етеміз», – дескен. Әрі, аталған ұйым Қытайдың Оңтүстік қытай теңізіндегі әскери әрекеттеріне алаңдаушылық білдірген. Тіпті, Филиппин секілді елдердің басшылары Қытайдың аймақтағы әрекетіне ашық наразылығын да ортаға салды.
Қытайдың аймақтағы әрекетіне қарсы оңтүстік-шығыс азиялық елдердің ортақ таным орнатуы Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы ықпалын әлсіретеді. Оңтүстік қытай теңізі Қытай экономикасы, стратегиялық мүдделері үшін аса маңызды. Бұл аймақтағы мәселелер Бейжің үшін аса нәзік тақырып саналады. Қытай өзінің стратегиялық мүдделерін қорау мақсатында аталған маңызды су жолдарында әскери қадамдарын жиілетіп келеді. Әрі, өзінің әскери қуатын мақсатты түрде әйгілейді. Бұл аймақтағы елдерді қауіпсіздік тұрғысынан қатты алаңдатады.
Ал, ASEAN мүшелерінің ортақ пікірге келіп, Оңтүстік қытай теңізі мәселесін түбегейлі шешуге тырысуы өз ретінде Қытайға белгілі жақтан қысым түсіреді. Әрине, Қытай тарабы да өзінің мүддесін сақтап қалу үшін тырысады. Қалай болғанда да, Қытай ASEAN елдері және Оңтүстік Корея, Жапония, Тайуан (Тайвань) қатарлы шығысындағы көп қарсыласқа бірдей қарсы тұра алмайды. Бұл Қытайдың теңіздегі жолын тарылтады. Тиісінше, Қытай өзінің стратегиялық мүдделерін құрылық жолдары арқылы дамытуға күш салады. Нәтижесінде «Бір белдеу, бір жол» жобасымен басталған «құрлық жолындағы мүддесі» басты орынға шығып, Орталық Азия елдеріне ықпалы барған сайын күшейеді. Аталған өзгерістер Орталық Азия елдеріне берік ынтымақтастық орнату арқылы сыртқы күштердің әсеріне ортақ қарсы тұруды ескертіп отыр.
*The Association of Southeast Asian Nations — Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы, (орысша – АСЕАН). Ұйымның негізі 1967 жылы қаланған, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы оннан астам елді қамтыған өңірлік, саяси-экономикалық ірі ұйым.