Иранның Революция сақшылар корпусы елдің әуе кеңістігін бұзып кірген АҚШ-тың барлаушы дронын Хормозган провинциясының үстіне жеткенде атып түсіргенін мәлімдеді. Құрама Штаттың әскери теңіз күштері өздеріне тиесілі ұшқышсыз ұшу құрылғысының құлағанын растаған.
Хормозган провинциясы мұнай тасымалында аса маңызды саналатын Ормуз бұғазына жақын орналасқан. Мәліметтерге қарағанда Иран әуе күштері атып құлатқан дрон RQ-4 Global Hawk түріндегі америкалық ұшқышсыз ұшу құрылғысы. Бұндай мәліметті «Рейтер» агенттігі де растаған.
Иранның АҚШ-қа тиесілі әскери техниканы атып құлатуы екі ел арасындағы қайшылықтың асқынып тұрған тұсында болды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасаған ескертуінде Құрама Штатқа тиесілі мүліктерге зиян келген жағдайда оның жауабы ауыр болатынын айтқан еді. Ол кезде Трамп үкіметі Теһранды (Тегеран) АҚШ-тың Орта Шығыстағы әскери базаларына шабуыл жасауды жоспарлады деп айыптаған болатын.
Иранның қастандық әрекеттеріне қарсы тұру деген уәжбен Құрама Парсы шығанағына жақын әскери базаларын күшті дайындық күйіне өткізді және бұл өңірдегі америкалық жауынгерлердің санын көбейтті. Бір ай бұрын Пентагон мен Ақ үйдің ұсынысы бойынша аталған аймаққа 1500 жауынгер жіберген.
Бұл жағдайлар АҚШ пен Иран арасындағы қайшылықтың шырқау шыңына шыға бастағанын көрсетеді. Осы аптаның басында ғана Иран АҚШ-тың экономикалық қысымына байланысты 2015 жылы қол қойған ядролық келісімді тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Бұл жағдай екі елді де келіссөз мүмкіндігінен алыстатып жібереді. Әрине, Иран өз территориясына кірген шетелдік әскери техниканы атып құлатты, алайда, Құрама Штат үшін бұл әскери қадамдарға толымды себеп бола алады.